Ислам дініндегі қазақ салт-дәстүрлерінің көріністері

Қазіргі таңдағы дін мен дәстүр сабақтастығы қоғамдағы өте нәзік те күрделі мәселенің біріне айналып отыр. Бұған түрлі діни ағымдар әсерінен пайда болған дәстүрге деген қайшылық себеп болса керек. Әлемде қанша халық болса сонша сенімнің де бар екендігі белгілі. Соның ішінде қазақ халқы ерте кезеңнен бері Ислам дінін берік ұстанып келеді. Алайда, оның кеңінен насихатталуы тек соңғы жылдарда ғана етек ала бастады. Жастарымыздың басым көпшілігі дінге бет бұрып, араб елдерінде діни сауаттылығын жетілдіруге қызығушылық танытып, елімізге шет елден дін насихаттаушылар көптеп келе бастады. Бұл көңіл қуантарлық жағдай болғанымен, оның кері әсерінің болғаны да жасырын емес. Соның салдарынан ислам діні сан тармаққа бөлініп, қазақтың санасына сіңген дәстүрлі діннен алшақтай қарайтын көзқарастар қалыптасты. Кез келген ұлт дәстүрін дінге, шариғатқа қарай ықшамдайды. Сол секілді, біздің еліміз Ислам дінінің 73 тармағынан, негізгі төл мектебінен екшеленіп, еленген қазақтың таным-түсінігіне, салт-санасына етене жақын, Орта Азияда кең таралған ислам діни мектебінің Әбу-Ханифа мәзхабын ұстанады. Бұл мектептегі ислам діні қағидалары қазақ ұлтының салт-дәстүрлерімен үйлесімділік тапқан.

Дін – адамзат баласына киім үлгісін емес, жаңа дүниетаным,  көзқарас, әлемді ақиқат көзімен қарай  білу,  соған сай сөз сөйлеу, іс әрекет жасауды үйрететін ілім. Бұл туралы қасиетті Құранда айтылады: «Сенің  киімің – тақуалығың, сыртыңдағы емес, ішкі  дүниең». Яғни, сыртқы киім арқылы қандай да бір діни көзқарасты дәлелдеудің қажеті жоқ, ең алдымен ішкі жан дүниенің тазалығына мән берген жөн. Ислам діні үшін адамның тақуалығы, иманы бәрінен жоғары.

«Дәстүрдің де озығы бар, тозығы бар» демекші, біз қазақтың салт-дәстүрін толық сақтап қаламыз деп айта алмаймыз. Біз қаласақ та, қаламасақ та кей дәстүрлер уақыт өте келе ұмытылып қалады. Бірақ, толықтай одан айрылу ұлт ретінде жойылуға әкеліп соқтырады. Сондықтан дін мен дәстүр сабақтастығына көп көңіл бөлген абзал. Қалай десек те, біз ұлттық дәстүріміздің дінге қайшы келмейтіндігін, үндестігін көрсетуіміз керек. Сөйтіп, бір  жағынан ислам дінін ұстанып, екінші  жағынан ұлттық құндылықтарымызды сақтауымыз қажет. Бұл кейбір біржақты діни  ағымдарға тосқауыл қоюдың  бірден бір тәсілі.

Н.Ш.РАЗАҚОВ,

 «Ихсан» орталығының психолог маманы