ЖАСТАРДЫҢ АУЫЛҒА ЖАНАШЫРЛЫҒЫ

Қоршаған ортаны қорғау мен экологиялық мәдениетті арттыру – әрбір азаматтың ортақ міндеті. Табиғатты аялау – туған жерге деген сүйіспеншіліктің, ал тазалық сақтау – адамдық мәдениеттің көрінісі.

    Осы мақсатта елімізде жүзеге асырылып келе жатқан «Таза Қазақстан» республикалық акциясы аясында Әлімбет ауылының жастары, аудандық жастар ресурстық орталығы мен аудандық аурухана еріктілерімен бірлесе отырып, Немой ауылында игілікті іс атқарды.

Шараның басты мақсаты – ауыл тұрғындарын табиғатты аялауға, қоршаған орта тазалығына бейжай қарамауға және экологиялық жауапкершілікті арттыруға үндеу болды. Тазалық жұмыстары барысында қоғамдық орындар мен өзен жағалауы тазартылып, нәтижесінде 1,5 тоннадан астам тұрмыстық қалдық жиналып шығарылды.

Іс-шараға қатысқан жастар мен еріктілер бұл игі істің маңызын ерекше атап өтті.

— «Бүгінгі тазалық – ертеңгі денсаулық. Біз табиғатты аялау арқылы өз болашағымызды қорғаймыз. Ауылымыздың көркейіп, таза болуы – әрқайсымыздың жауапкершілігіміз. Сондықтан осындай ортақ іске атсалысу – біздің азаматтық парызымыз», – дейді қатысушы Ақтолқын Елемесқызы.

«Таза Қазақстан» акциясы – қоршаған ортаны қорғауға бағытталған шара ғана емес, сонымен қатар жастардың туған жерге деген сүйіспеншілігін арттырып, ауыл өміріне жанашырлықпен қарауға тәрбиелейді.

Осындай бастамалар арқылы ауыл жастары бірлік пен ұйымшылдықтың жарқын үлгісін көрсетіп келеді. Туған жерге қамқорлық танытып, табиғатты аялап, айналаны таза ұстау – ел болашағына қосылған баға жетпес үлес.

 Қарғалы-АҚПАРАТ