АУДАН ЖАСТАРЫНЫҢ ҮЛГІЛІ ІСІ

Табиғатты аялау – адамзат алдындағы ең үлкен борыштардың бірі. Қоршаған орта тазалығы тек экологиялық мәселе емес, ол – мәдениет пен сана деңгейінің көрінісі. Осы орайда елімізде қолға алынған «Таза Қазақстан» акциясы ел азаматтарын, әсіресе жастарды, табиғатты қорғауға, ізгілікке және бірлікке үндеп келеді.

Ауданымызда бұл бастама кеңінен қолдау тауып, үлкен-кіші тазалыққа үлес қосуда. Осыған орай жақында мазмұнды іс-шара өтті.

Жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен және Бадамша агротехникалық колледжінің студенттерінің қатысуымен өткен акция барысында жастар аудан тұрғыны Галя Мұратқалиеваның үйіне барып, тазалық жұмыстарын жүргізіп, көмек қолын созды.

                                                 

Бұл игі іс-шара тек аумақты тазалау емес, жас буынның бойына қамқорлық, мейірім және ортақ жауапкершілік сезімін қалыптастыруды мақсат етті.

«Айналаны тазарту – жүрегімізді тазарту» дегендей, әрбір жиналған қоқыс – болашақ ұрпақ алдындағы қамқорлықтың, әрбір істелген еңбек – табиғатқа деген сүйіспеншіліктің айғағы.

Жастардың белсенділігі мен ұйымшылдығы ауыл тұрғындарының ризашылығын тудырды. Ізгілікке толы бұл бастама аға буынның алғысына бөленіп, қоғамда өзара сыйластықтың жаңа үлгісін көрсетті.

   – Мұндай шаралар жас буынды еңбекқорлыққа, жанашырлыққа және өмірге жауапкершілікпен қарауға тәрбиелейді. Табиғатты қорғау мен айналаны таза ұстау – әрбіріміздің адамдық борышымыз, – дейді аудандық Жастар ресурстық орталығының маманы Ақтолқын Бақбергенова.

Жастар орталығының ұйымдастыруымен мұндай тазалық акциялары жүйелі түрде өткізіліп келеді. Ауданның белсенді жастары мен еріктілер қоғамдық орындар мен көшелерді тазалап, ауылдың көркеюіне өз үлестерін қосуда. Бұл жұмыстар олардың туған жерге деген сүйіспеншілігін арттырып, ұжымдық рухты күшейтуде.

«Таза Қазақстан» қозғалысы – тек табиғатты қорғау емес, адам бойындағы ізгілікті ояту, мейірімді қоғам құру жолындағы маңызды қадам. Осындай іс-шаралар арқылы жастар өз еңбегінің қоғам өміріне тигізер пайдасын сезініп, жақсылық жасауға ұмтылады.

Сондай-ақ, айта кету керек тазалық күн тәртібінен түспейтін өзекті мәселе. Өйткені, тазалық – тәртіптің, тәртіп – мәдениеттің айнасы. Сондықтан табиғатты қорғау – өзімізді, өз болашағымызды қорғау. Аудан жастарының осындай игі істері ел ертеңіне деген сенімді нығайтып, мейірімді қоғам құруға жол ашады.

Жұлдыз КЕНЖЕ