Ұмыт болған өнер – ұлттың асыл қазынасы

Қазақтың көне қыш-құмыра дәстүрі ауданымызда жаңғырды.

Қазақ даласында ежелден қалыптасқан қыш-құмыра өнері – ұлт мәдениетінің ең көне әрі құнды салаларының бірі. Ежелгі бабаларымыз саз балшықтан тұрмыстық және сәндік бұйымдар жасап, күнделікті өмірде кеңінен қолданған. Уақыт өте келе бұл өнер түрі біршама ұмыт бола бастағанымен, бүгінде қайта жаңғырып, жастардың қызығушылығын арттыруда.

Осы мақсатта аудандық мәдениет үйінде Ақтөбе облыстық тарихи-өлкетану музейі мен аудандық музейдің ұйымдастыруымен  «Қазақ даласындағы қыш-құмыра жасау кәсібі» атты жылжымалы көрме мен шеберлік сағаты өтті.

Шараға арнайы облыстан келген қонақтар – ҚР Қолөнершілер одағының мүшесі, қыш шебері әрі музейдің экспозициялық-көрмелік қамтамасыз ету бөлімінің меңгерушісі Орынбасар Төлегенов, музей директорының орынбасары Медет Құлмұқанов, аға ғылыми қызметкер Бахтияр Нұрпейсов және экспозиция маманы Дәурен Жұмахметов қатысты. Сонымен қатар аудан тұрғындары, ардагерлер, мәдениет саласының қызметкерлері, аудан орталығындағы мектеп оқушылары мен балалар өнер мектебінің ұстаздары мен шәкірттері де белсенділік танытты.

Көрме барысында қатысушылар қазақ даласындағы қыш-құмыралардың алуан түрімен және олардың тарихымен танысты. Сондай-ақ, саз балшықтан құмыра жасау үдерісін көрсеткен шеберлік сабағына қатысып, өз қолдарымен де пішін қалыптауға мүмкіндік алды. Тұрмыстық және сәндік мақсаттағы құмыралар мен тостағандар көрермендердің ерекше қызығушылығын тудырды.

                                                                      

Іс-шараның ең әсерлі бөлігі – тәжірибелі шебердің жетекшілігімен өткен шеберлік сабағы болды. Бұл сәтте жастар ұлттық мұраның терең мәнін ұғынып, үлкендер өткен дәуірдің естеліктерін қайта жаңғыртқандай әсер алды.

Көрмеге келген қонақтар мен оқушылар ұйымдастырушыларға ризашылықтарын білдіріп, осындай тағылымды шаралардың маңыздылығын атап өтті.

Ал облыстық және аудандық музей ұжымдары бұл іс-шараның басты мақсаты – ұлттық қолөнерді дәріптеу, ата-баба дәстүрін жас ұрпақ бойына сіңіру екенін айта келе, көрменің аудан тұрғындары арасында кеңінен таныстырылуына білдірген қолдау мен көмек үшін аудандық музей директоры Айнагүл Сүйінғаринаға облыстық музей директорының атынан арнайы Алғыс хат пен естелік сый табыс етілді.

Шара соңында аудан әкімдігі тарапынан ауданымыздың табиғи көрікті жерлерінің бірі – көпке мәлім «Қасқыр сарқырамасы» бейнеленген көркем картинаны қонақтарға естелік сыйлық ретінде табыс етті.

Қазақтың қыш-құмыра дәстүрін жаңғыртуға бағытталған мұндай мәдени іс-шаралар ұлт тарихына деген құрметті арттырып, жас ұрпақтың бойында ата-баба өнеріне деген сүйіспеншілік пен мақтаныш сезімін қалыптастырады. Бұл — өткенді ұмытпай, болашаққа бағыт алған ұлттың кемел келбетінің айғағы.

Жұлдыз КЕНЖЕ