ӨЗЕКТІ МӘСЕЛЕЛЕР – ОРТАҚ ТАЛҚЫЛАУДА

Өткен аптада аудан әкімдігінің мәжіліс залында Қоғамдық кеңестің кезекті отырысы өтті.
Жиынды кеңес төрайымы Жаңылсын Ысмағұлова жүргізді. Басқосуға кеңес мүшелері мен жауапты мекеме өкілдері қатысты.
Күн тәртібінде екі негізгі мәселе қаралды. Алдымен ауданның елді мекендерін сумен жабдықтау және су бұру жайы сөз болды. Бұл бағытта аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Азамат Өтегенов баяндама жасап, атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды.
Оның айтуынша, аудандағы тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандарға су жеткізуді «Бадамша-Сервис» кәсіпорны жүзеге асырады. Бүгінде 12 ауыл орталықтандырылған су жүйесіне қосылып, аудан халқының 98 пайызы немесе 15 433 адам таза ауыз сумен қамтылған. Сонымен қатар, Велихов пен Бозтөбе ауылдарында кешенді-блокты модульдер орнатылған. 2026 жылы Кемпірсай ауылдық округінде осындай құрылғы іске қосылады деп жоспарлануда. Ал биылғы жылы бірнеше елді мекенде су жүйелерін жаңғырту жобалары қолға алынып, жұмыстар жүргізілуде.
Күн тәртібіндегі екінші мәселеде жер ресурстарын тиімді пайдалану жайы талқыланды. Бұл жағдайға байланысты аудандық жер қатынастары бөлімінің басшысы Ерболат Сұлтанов хабарлама жасап, ауыл шаруашылығы жерлерінің игерілуі мен тиімді айналымға енгізілуіне қатысты мәліметтермен бөлісті.
Жиын барысында қатысушылар баяндамашыларға сұрақ қойып, пікірлерін ортаға салды. Қосестек ауылындағы ауыз су тапшылығы, көшелердегі су ағызу жүйесі, балалар алаңдарын жөндеу, сондай-ақ жылу беру маусымына дайындық сынды тағы да басқа өзекті мәселелер жайы көтерілді. Жауапты тұлғалар айтылған сауалдарға жауап беріп, шешу жолдарын түсіндірді.
Отырыс соңында кеңес төрайымы Жаңылсын Ысмағұлова көтерілген ұсыныстар мен пікірлер тиісті органдарға жолданып, олардың орындалуы бақылауда болатынын атап өтті.
Камшат БАЙХАНОВА






