ДАРҚАН ДАЛАНЫҢ ДӘНІ

Егінге орақ түскелі біраз болды. Қазір аудан диқандары алқап басында тынымсыз еңбек етіп, егін ору жұмыстарын қарқынды жүргізіп жатыр. Алқаптағы шаруаның мән-жайын білу мақсатында біз аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Тимур Абдуллинге хабарласқан едік.
— Аудан бойынша биыл егіс алқаптарының жалпы көлемі қанша болды?
— Биыл ауданымызда жалпы 151 мың гектар жерге егіс егілді. Оның 111,3 мың гектарын — дәнді дақылдар, 12,7 мың гектарын — майлы дақылдар, 25,2 мың гектарын — мал азығы дақылдары, 1,3 мың гектарын — картоп, ал 510 гектар жерін — көкөніс пен бақша дақылдары алып жатыр.
— Егін жинау жұмыстарына қандай техника жұмылдырылды?
— Қазіргі таңда науқанға 186 комбайн, 285 трактор, 161 тіркеме және 132 жүк көлігі тартылды. Сонымен қатар шаруаларға 1 200 тонна арзандатылған дизель отыны бөлінді. Оның литрі — 250 теңге, бұл нарықтағы бағадан 10-15 пайызға арзан.
— Жиналған өнімді сақтау мәселесі қалай шешілген?
— Аудан бойынша астық сақтау орындарының жалпы сыйымдылығы — 116 мың тонна. Оның ішінде астық қабылдау кәсіпорындары — 31,6 мың, ал ауыл шаруашылығы құрылымдарының қоймалары — 84,4 мың тонна. Қазіргі уақытта 1 элеватор және 27 астық қоймасы жұмыс істеп тұр.
— Биылғы өнім көрсеткіштері қандай?
— Қазіргі таңда 28 637 гектардан 35 905 тонна астық жиналды. Орташа өнімділік — гектарына 12,53 центнер. Күздік бидай бойынша 1 687 гектардан 3 205 тонна өнім алынып отыр. Бұл бағыттағы жұмыстар жалғасып жатыр.
— Мал азығын дайындау қалай жүріп жатыр?
— Бұл бағытта 37,2 мың тонна дизель отыны бөлінді. Шөп шабуға 242 ауыл шаруашылығы техникасы жұмылдырылып, жұмыстар қарқынды жүріп жатыр.
— Жалпы науқанның барысына қандай баға берер едіңіз?
— Аудан бойынша егін жинау және мал азығын дайындау науқаны белсенді жүргізіліп жатыр. Жыл сайын диқандарымыздың қажырлы еңбегінің арқасында ауданның азық-түлік қоры толығады. Бұл — ауыл еңбеккерлерінің өңіріміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан зор үлесі деп есептейміз. Ендеше, биыл да үміт мол.
Бақыт ИМАШЕВ




