МЫҚТЫ ОТБАСЫ – МЫҚТЫ МЕМЛЕКЕТТІҢ КЕПІЛІ

Қыркүйек айының екінші жексенбісінде елімізде дәстүрлі түрде «Отбасы күні» аталып өтеді. Бұл мереке – қоғамның басты құндылығы саналатын отбасы институтын нығайтып, қолдауға бағытталған мемлекеттік саясаттың маңызды бөлігі.

Осы мереке аясында аудан орталығындағы Бадамша агротехникалық колледж студенттеріне арналған психологиялық тренинг ұйымдастырылды.

Шараны аудандық Жастар ресурстық орталығы мен «Сенім» отбасыларды қолдау орталығы бірлесіп өткізді.

Тренингті Жастар ресурстық орталығының маманы Рада Досмухамбетова және «Сенім» орталығының профилактикалық жұмыс жөніндегі маманы Әмина Биисова жүргізді. Олар қатысушыларға арнайы жаттығулар ұсынып, отбасының қоғамдағы рөлі, ата-ана мен бала арасындағы қарым-қатынас, өзара сенім мен түсіністіктің маңызы туралы әңгімеледі.

Сондай-ақ, іс-шара барысында студенттер де белсенділік танытып, сұрақтар қойып, өзара пікір алмасты. Мамандардың айтуынша, мұндай тренингтер жастарды жауапкершілікке, сыйластыққа баули отырып, отбасылық құндылықтарды дәріптеуде ерекше маңызға ие.

Тренинг соңында қатысушылар отбасының әрбір адам өміріндегі орны айрықша екенін атап өтіп, «Мықты отбасы – мықты мемлекеттің кепілі» деген ортақ тоқтамға келді.

Бұл тағылымды кездесу жастарға ой салып қана қоймай, олардың санасында отбасының қоғам үшін берік тірек екендігі жөніндегі түсінікті бекіте түсті.

Жұлдыз КЕНЖЕ