Ар-ұят –   адамның  тәрбиелігінің белгісі

Адамның адамгершілігін, оның тұлғасын ардақтайтын және көкке көтеретін – ар мен ұят. Адам бойындағы ар-ұят сезімі оның ибалылығын, қайырымдылығын, бақытын, әділетті ұстанымын, парасат-пайымын қанағатшыл құлқын асқақтатады.

Ар-ұят – бұл  адамның көркем мінезділігінің, тәрбиелігінің белгісі. Ар-ұят дегеніміз адам бойындағы кісілік пен кішіліктің, арлылық пен сыпайылылықтың негізі. Жаратушыдан шынайы қорыққан адам жамандыққа, арсыздыққа, рухсыздыққа, намыссыздыққа, көргенсіздікке алып баратын іс-әрекеттен сақтанып, тартынып жүреді. Қазақ халқының «Құдайдан қорықпағаннан қорық» деуі бекер емес. Ал дана халқымыздың «Жаным арымның, малым жанымның садағасы» деген өмір мәндік ұстанымы мен рухани құндылық тұғырының тамыры тереңде жатыр. Хадисте: «Ұят –иманнан» делінген. Қазақы ділдің, рухтың әдеп пен ибаның, сыпайлық пен сыйластықтың қайнар көзі Ислам ілімі мен мәдениетінен бастау алып, ұрпақтан-ұрпаққа берілген. Қазақы мінез, қазақы діл, қазақы дүниетаным, қазақы өмірлік ұстанымның тұғыры Ислам мәдениеті мен әдебінде жатыр деген ойдамыз. Қазақ болмысын және оның рухани әлемін, мінез-құлқын зерттеуде Ислам құндылықтарын назарда ұстауымыз қажет.

Әрбір адамның  өзі жасаған кемшіліктері мен  күнәлары үшін өзінің ары алдында  және қоршаған ортасынан ұялмаса, онда адам баласын күнәлі істерден тыю  мүмкін болмас еді. Әдепті адам адамдармен ізгі қарым-қатынаста болып, өзінің адами абыройын асқақтатады. Арлы адам келеңсіз іс-әрекет пен жағымсыз мінездерден алыс жүріп, ұнамсыз іс-әрекет жасап қойса өкініп, болашақ іс-әрекетінде ұнамсыз іс-әрекет жасаудан сақтанып жүреді. Парасатты адамға білместіктен жасаған қателіктері үшін ұялу тән. Ал арсыз адам қатесі мен күнәсі үшін еш қысылмайды. Арлы адам болса ар-ұжданын өмірлік ұстаным ретінде, азаматтық мұрат ретінде қастерлейді. Ол туралы ұлы ғұлама Жүсіп Баласағұн бабамыз өзінің «Құтты білік» дастанында былай дейді:

Бек кісіге – керек  ұят, ақыл, ар,
Зұлмат күш жоқ, ақыл – арды жапырар.
Ұяты бар адамдар пәк, момын да,
Ұятты іске тигізбейді қолын да.
Кімге тәңір берсе ұят, намысты,
Оған қоса бергені құт, даңқты!

Ислам ілімі  бойынша ар мен ұят адам болмысын ұнамсыз және дертті мінез-құлықтардан сақтайтын қорған. Ислам мәдениетінде адам баласы өзі жасауға мәжбүрлі болған күнәлі істерін адамдарға айтып жария етуі дұрыс емес, адамның жасаған күнәсінің сыры Алла мен адам арасында сақталады. Сондықтан да күнәлі істің адамның өзінде ғана сақталуы бұл ұнамсыз мінез-қылықтардың басқалар үшін үлгі болмауы үшін қажет. Хадисте «Ұялмаған соң білгеніңді істе» делінген. Адам баласында ұят сезімі болмаса, ол арсыз, намыссыз болады. Адамзат баласы үшін ұят сезімі басты қасиет болып табылады. Ислам ахлағында ұялудың екі түрі айқындалған, Жаратушыдан ұялу, өзі сынды пенделерден ұялу.

Н.Ш.РАЗАҚОВ,

 «Ихсан» орталығының психологы 

ТегтерДін