ТІЛ – ДОСТЫҚТЫҢ ДӘНЕКЕРІ

Тіл – халықтың жаны, елдіктің айнасы. Мемлекеттік тілдің мәртебесін арттыру – баршамыздың ортақ парызымыз. Осы орайда өткен аптаның жұмасында Қазақстан халқы тілдері күні аясында «Тіл – достық көпірі» атты облыстық тіл фестивалі өтті.

         Мерекелік шараға аудан әкімі Нұрлыбек Унербаев қатысып, фестивальге келген қонақтар мен қатысушыларды мерекемен  құттықтап, ізгі тілегін жеткізді.

Одан соң Ақтөбе облысының тілдерді дамыту басқармасы тілдерді дамыту және үйлестіру жұмыстары бөлімінің басшысы Маржан Жанасова сөз сөйлеп, ауданымыздағы тіл өнерінің дамуына үлес қосып жүрген тіл жанашырларына марапаттар табыс етті. Олардың қатарында Бадамша мектеп-бөбекжай-бақшасының директоры Рита Шаметова, №2 Бадамша орта мектебінің қазақ тілі пәнінің және аудандық мемлекеттік тілді оқыту орталығының мұғалімі Гүлжан Ержанбаева, Бадамша мектеп-бөбекжай-бақшасының дене шынықтыру пәнінің мұғалімі Айдын Шибаев, №2 Бадамша орта мектебінің 11 «Ә» сынып оқушысы Варвара Ивахова мен Шәмші Қалдаяқов ауылының тұрғыны Елена Тәжбағанбетова бар.

Тілдер фестивалі – достықтың, бірліктің, татулықтың мерекесі. Сондықтан да тіл байқауына аудан орталығындағы мекемелермен қатар, Әйтеке би ауданынан да қатысушылар өнер көрсетті.

                                                       

                          

Атап айтсақ, №2 Бадамша орта мектебі қазақ ұлтын, Бадамша мектеп-бөбекжай-бақшасы орыс ұлтын, Бадамша агротехникалық колледжі белорусь ұлтын, ал көршілес Әйтеке би ауданының қатысушылары ұйғыр ұлтын сомдап, олардың салт-дәстүрін таныстырды.

Сайыс 4 кезең бойынша өтті. Алдымен топтар өздерін мемлекеттік тілде таныстырды. Екінші кезеңде әр ұлттың салт-дәстүрлерінен көрініс сахналанды. Үшінші кезеңде ұлттық өнерлерін паш етсе, соңғы бөлімде дайындаған ұлттық тағамдарын көпшілікке ұсынды.

Тіл фестиваліне Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы Ақтөбе облыстық ұйымының төрағасы Роман Рахиев, Ақтөбе облысының тілдерді дамыту басқармасы бөлім басшысы Маржан Жанасова және аудандық ақсақалдар кеңесінің төрағасы Зейнелғабдин Дербисбаев төрелік етті

Тіл мерекесіне орай өткізілген байқау тартысты да қызықты өтті. Қатысушылар әрбір ұлтты нақышына келтіріп сомдап, жоғары деңгейде насихаттай білді. Нәтижесінде, төрешілердің шешімімен Бас жүлде – орыс ұлтын дәріптеген Бадамша мектеп-бөбекжай-бақшасына, І орын – ұйғыр ұлтын таныстырған Әйтеке би ауданынан келген қонақтарға бұйырды. ІІ орын – қазақылықты насихаттаған №2 Бадамша орта мектебіне, ал ІІІ орын – белорусь ұлтын шебер сомдаған Бадамша агротехникалық колледжіне берілді.

Сонымен қатар арнайы номинациялар да табыс етілді. Атап айтар болсақ Әйтеке би өңірінің өнерпаздары – «Үздік тіл майталманы», Бадамша мектеп-бөбекжай-бақшасы – «Үздік қойылым», №2 Бадамша орта мектебі – «Үздік ән орындаушысы», Бадамша агротехникалық колледжі – «Үздік мекеме» аталымдары бойынша марапатталды.

Жеңімпаздар мен қатысушыларға арнайы дипломдар, кубоктар және бағалы сыйлықтар тапсырылды.

Сондай-ақ, шара соңында аудан әкімінің орынбасары Ержан Есімбаев сөз сөйлеп, Тіл мерекесімен құттықтап, барлық қатысушыларға ризашылығын білдіріп, әділқазылар алқасына естелік сыйлықтар табыс етті.

Осылайша тіл мәртебесін көтеруге арналған әрбір іс-шара, әрбір сөз, әрбір өнер туындысы қазақ тілінің мерейін өсіріп, оның қоғамдағы рөлін айшықтай түсті.

Гүлжазира МЫРЗАБЕКОВА