Ақтөбе облысында аралас типтегі «Ainala» оңалту орталығы ашылады

Жоба «Samruk-Kazyna Trust» қорының қолдауымен және жергілікті әкімдіктің бірлескен жұмыстарымен жүзеге асырылуда. Орталық ғимаратын жергілікті билік ұсынса, қор ғимараттың күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізіп, оны инклюзивті кеңістік стандарттарына сай арнайы жабдықпен қамтамасыз етеді.
«Ainala» орталығы 3 айдан 18 жасқа дейінгі түрлі диагноздары бар балаларға кешенді көмек көрсетуге арналған. Бұл диагноздар тірек-қимыл аппаратының бұзылуынан бастап, психоневрологиялық патологияларға дейін қамтиды. Мұндай «аралас типтегі» форматтың маңызы зор: ол оңалтуға арналған түрлі тәсілдерді біріктіріп, ерекше қажеттіліктері бар балаларды әлеуметтік ортаға бейімдеу үшін жағдай жасайды.
«Ainala» орталығын құру бірқатар бастамалардың жалғасы болып табылады. 2020 жылдан 2025 жылға дейін «Samruk-Kazyna Trust» қорының қолдауымен Ақтөбе облысында жалпы құны 1,9 миллиард теңге болатын 20 әлеуметтік жоба жүзеге асырылды. Олардың арасында денсаулық сақтау, білім беру, спорт, әлеуметтік тұрғыдан осал топтарды қолдау және әлеуметтік кәсіпкерлікті дамыту саласындағы бастамалар бар.
Айта кетейік, «Ainala» орталығының ашылуы Қазақстандағы инклюзивті қоғамды дамыту тенденциясын көрсетеді. Соңғы жылдары денсаулығы шектеулі азаматтарға білім, медицина және әлеуметтік қолдаудың қолжетімділігі мемлекеттік және қоғамдық саясаттың басты мәселесіне айналды.





