Қарғалы ауданы – эко және этнотуризмді қарқынды дамытуда

Қарғалы ауданы өңірлік туризм картасында өз орнын айқындап, табиғаттың әсем көріністерін, тарихи-мәдени мұрасын және заманауи демалыс түрлерін ұштастыра отырып, туристер үшін тартымды бағытқа айналып келеді.

Шамши Қалдаяқов ауылында кәсіпкер Айнагүл Исалиева этнотуризм жобасын іске асырып жатыр. Бір гектар аумақта киіз үй тігілген, бақылау алаңы жасалған және атпен серуендеу қызметі көрсетілуде. Алдағы жылдары тағы бес киіз үй орнатылып, сақ дәстүріндегі монша мен этностильдегі балалар лагері ашылмақ. Мұндай бастамалар ұлттық дәстүрді насихаттап қана қоймай, ауылдық аймақтарға жаңа тыныс беруде.

Ауданның туристік әлеуетін арттыруда инфрақұрылымды дамытуға айрықша мән берілуде. Қасқыр сарқырамасының маңында заманауи туристік кластер құрылып жатыр. Мұнда сегіз ағаш үй, екі глэмпинг, кафе мен монша бой көтерді. Белсенді демалыс үшін катамарандар, қайықтар мен квадроциклдер алынып, қонақтарға табиғат аясында қолайлы жағдай жасалды.

Сонымен бірге ауданда негізгі туристік нысандарға апаратын жолдарды жақсарту жұмыстары жүргізілуде. Қасқыр сарқырамасына баратын жол құрылысына 500 млн теңге бөлініп, жобаның жалпы құны 1,2 млрд теңгені құрайды. Дәл осындай сомаға Qargaly Eco Resort туристік кешеніне апаратын жол салу жоспарлануда. Бұл жоба экотуризмді дамытумен қатар, белсенді демалысты қолдауға бағытталған.

Табиғаттың сұлу келбетімен үйлескен осындай бастамалар ауданға жаңа серпін беріп отыр. Қарғалы ауданы біртіндеп ішкі туризмнің тартымды орталығына айналып, экология мен этномәдениетті, заманауи сервис пен жайлы демалысты қатар ұсынатын ерекше бағыт ретінде қалыптасуда.