КОНСТИТУЦИЯ МЕН СОТТАР

фото newtimes.kz
Қазақстандағы өзара байланыс пен әділеттіліктің негізі: Құқықтық мемлекет ретінде қалыптасып келе жатқан Қазақстан Республикасында Конституция мен сот жүйесі маңызды рөл атқарады. Бұл екі институт арасында тығыз өзара байланыс бар, олар заң үстемдігін, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауды, сондай-ақ мемлекеттің тұрақтылығын қамтамасыз етеді.
Конституция – мемлекетіміздің басты заңы. Қазақстан Республиқасының Конституциясы 1995 жылдың 30 тамызында бүкілхалықтық референдум арқылы қабылданған және ол – елдегі ең жоғары заңды күші бар нормативтік құқықтық акт.
Соттар – Қазақстандағы мемлекеттік биліктің бір тармағы, ол заң шығарушы және атқарушы билікпен қатар әрекет етеді. Конституцияда әділ сотты тек сот органдары ғана жүзеге асыратыны анық көрсетілген, басқа ешбір орган немесе тұлға сот билігінің функциясын атқара алмайды.
Судьялар сот төрелігін жүзеге асыруда тәуелсіз және тек Конституция мен заңға бағынады. Судьялардың мәртебесі мен тәуелсіздігін төмендететін заңдарды немесе өзге де нормативтік құқықтық актілерді қабылдауға жол берілмейді.
Соттың сот төрелігін жүзеге асырудағы қызметіне кез келген араласуға жол берілмейді және заңда көзделген жауапкершілікке әкеп соғады. Сот ісін жүргізудің белгіленген тәртібіне қайшы келіп түскен сот істері бойынша, сондай-ақ соттың құзыретіне жатпайтын мәселелер бойынша шағымдарды сот қараусыз қалдырады немесе тиісті органдарға жібереді.
Конституция мен соттар – бұл құқықтық мемлекеттің екі тірегі. Конституция қоғамның өмір сүру ережелерін белгілейді, ал соттар сол ережелердің орындалуын қорғайды. Осы екі институттын үйлесімді әрекеті Қазақстанда тұрақтылықты, заңдылықты және әділеттілікті қамтамасыз етеді.
Айнур ДЖУНДИБАЕВА,
Қарғалы аудандық сотының төрағасы




