АҚЫН ШЫҒАРМАШЫЛЫҒЫ ДӘРІПТЕЛДІ

 Ағымдағы жылдың 10 тамызында қазақтың ұлы ақыны, философы, сазгері және ағартушысы Абай Құнанбайұлының туғанына 180 жыл толды. Оның шығармашылығы қазақ әдебиеті мен мәдениетінің өркендеуіне өлшеусіз үлес қосып, философиялық ойлары халқымыздың рухани әлеміне терең із қалдырды.

         Бұл маңызды күнге орай аудандық тарихи-өлкетану музейі, «AMANAT» партиясы мен Жастар ресурстық орталығы бірлесіп, «Белсенді ұзақ өмір сүру» орталығында «Асыл сөзді іздесең, Абайды оқы, ерінбе…!» атты мерекелік іс-шара өткізді.

         Шара барысында Абайдың жүрекке жететін өлеңдері оқылып, ақынның өмірбаяны бейнеролик арқылы көрермендерге ұсынылды. Қатысушылар Абай әндерін шырқап, шығармашылық қабілеттерін паш етті. Ойын-сауық пен өнерлік көріністер соңында белсенділер бағалы сыйлықтармен марапатталды.

Іс-шараның соңында «Белсенді ұзақ өмір сүру» орталығының қатысушылары ұйымдастырушыларға өздерінің алғыстарын жеткізіп, ақ баталары мен жылы лебіздерін білдірді.

Бұл мәдени іс-шара Абай шығармашылығын насихаттап, білім мен мәдениетке деген сүйіспеншілікті арттыруға арналған маңызды қадам болды.

Жұлдыз КЕНЖЕ