Туған жердің тынысына шолу

Ауыл – әрқайсымыздың алтын бесігіміз. Ендеше ауданның өткені мен халқымыздың еңбегін, мәдени құндылықтарын еске салып, паш етіп, ынтымағы жарасқан 17 ұлттың басын қосқан аудан халқының еңсесі биік өңірдің өркендеп, көркею жолдарын анықтап отыру үшін де осындай тарихи тағылым керек-ақ.

Осы орайда өткен аптаның бейсенбісінде аудандық тарихи-өлкетану музейінің ғылыми қызметкері Қымбат Тасымова аудан тарихын қысқаша  бейнелеген  іс-шара өткізген болатын.

 

                                         

Тарихи тағылымды баяндаған маңызы зор  іс-шараға аудан тұрғындары, зиялы қауым,  жастар қатысып, ауданның өткені мен бүгіні жайлы тың деректерге қанықты. Ауданның қалыптасу кезеңдері, тарихи-мәдени мұралар, көшелер атаулары айтылды.

Сонымен қатар Бадамша ауылының өткенді еске салар фото суреттері  көрсетіліп, деректер  ұсынылды. Жалпы алғанда, аудан шежіресінен бейнематериалдар ұсынылды.

Осы іс-шараға қолдау білдірген аудандық кітапхана аудан тарихын айшықтар кітап көрмесін ұйымдастырса, аудандық жастар ресурстық орталығы сыйлықтар таратты.

Бұл өткен тарихи тағылым жастардың туған жерге деген сүйіспеншілігін оятса, ересектердің өткен жолын еске алар өлкетану сағаты  болды.

Бақыт ИМАШЕВ

ТегтерМәдениет