Халық денсаулығын қорғаудағы жаңа қадамдар

Елімізде көптен бері айтылып келе жатқан «Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру» (МӘМС) жүйесі жыл өткен сайын жаңарып, заман талабына сай жетілдірілуде. Халық денсаулығын қорғауда маңызды рөл атқаратын бұл бағдарламаға қатысты алдағы өзгерістер жайлы аудандық аурухананың бас дәрігері Еркебұлан Абдигалиевпен  әңгімелескен едік.

         – Еркебұлан Еркінұлы, МӘМС жүйесінде 2026 жылдан бастап қандай жаңалықтар күтілуде? Бұл өзгерістердің халыққа берер пайдасы қандай болмақ?

– Ең алдымен айта кетерлігі, Үкімет қабылдаған жаңа заң аясында әлеуметтік әлсіз топтарға қамқорлық күшейтіледі. Бұған дейін медициналық сақтандыру жүйесінен тыс қалып келген азаматтарды қамту үшін жергілікті атқарушы органдарға қосымша міндет жүктелді. Яғни, табысы төмен санатқа жататын (D және E деңгейіндегі) тұрғындардың жарналарын енді жергілікті бюджет төлейтін болады. Соның арқасында 2026 жылдан бастап қосымша 1 миллионнан астам азамат МӘМС жүйесімен қамтылмақ. Сондай-ақ ресми тіркелген жұмыссыздар да осы жеңілдікке ие болады.

– Ал жарна төлеуде үзіліс болған жағдайда сақтандыру мәртебесі қалай сақталады?

– Бұған дейін үш айға ғана берілетін жеңілдік мерзімі енді алты айға ұзартылды. Егер азамат бес жыл қатарынан жарна төлеп жүріп, уақытша табыссыз қалса, ол осы кезеңде медициналық көмектен шет қалмайды. Бірақ кейінгі айлардағы берешекті өтеу қажет болады. Бұл қадам әлеуметтік әділеттілікті сақтап, халықтың үздіксіз ем алуына жағдай жасайды.

– Әлеуметтік мәні бар ауруларды анықтау мәселесі қалай шешілмек?

– Бұрын тек АИТВ мен туберкулезге күдік болған жағдайда ғана тегін диагностика жасалса, енді онкологиялық скринингтерді қоса алғанда сегіз әлеуметтік мәні бар дерт бойынша кеңес алу және диагностикалық қызмет барлық азаматқа тегін көрсетіледі. 2026 жылдан бастап бұл қызметтер ТМККК тізіміне енгізіліп, сақтандырылған мәртебесіне қарамастан барша тұрғынға қолжетімді болады. Сонымен қатар амбулаторлық диализ бен созылмалы аурулардың 12 тобы бойынша дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету, жоспарлы стационарлық көмек те осы пакетке кіреді.

– Жарнаның есептеу шегіне де өзгерістер енгізіліп жатыр ғой?

         – Иә. 2026 жылдан бастап жұмыс берушілер үшін табыс шегі – 40 ең төменгі жалақы (ЕТЖ), ал қызметкерлер үшін 20 ЕТЖ болып белгіленді. Бұл қадам жүйенің тұрақтылығын сақтауға және салықтық ауыртпалықтың шамадан тыс өсуіне жол бермеуге бағытталған. Жаңа жүйе жыл сайын шамамен 200 млрд теңге қосымша табыс әкеледі деп күтілуде.

                             

– Ал мемлекет төлейтін жарнаның көлемі қалай өзгереді?

– Қазіргі таңда мемлекет балалар, зейнеткерлер, жүкті әйелдер, мүмкіндігі шектеулі жандар және тағы басқа 15 санаттағы азамат үшін жарна төлеп отыр. Бүгінде бұл мөлшерлеме 2% болса, 2027 жылдан бастап 2,2%-ға көтеріледі. Ал 2037 жылға қарай кезең-кезеңімен 4,7%-ға дейін өсіріледі. Дегенмен жұмыс берушілер мен қызметкерлердің жарна көлемі өзгеріссіз қалады.

Осылайша, тұрғындар үшін аса маңызды МӘМС жүйесіне қатысты негізгі өзгерістерді тарқатып өттік. Бұл бағдарламаның басты мақсаты – халыққа медициналық көмектің қолжетімділігін арттырып, әлеуметтік теңдікті қамтамасыз ету. Алдағы жылдарда енгізілетін жаңа бастамалар әрбір азаматтың денсаулығын қорғауға сеп боларына сенім мол.

Әңгімелескен Бақыт ИМАШЕВ

ТегтерДенсаулық