ШАҒЫН АУЫЛДЫҢ ШАТТЫҒЫ

Көгілдір отын — көптен күткен қуаныш.
Өткен аптада 60-қа жуық үйі бар Велихов ауылының 170-тен астам тұрғыны көгілдір отынның келуін ерекше қуанышпен қарсы алды. Ауыл ішін шаттық кернеп, бұл күн ауыл тарихында есте қаларлықтай мерекеге айналды.
Көгілдір отынның салтанатты іске қосылу рәсіміне аудан әкімі Нұрлыбек Унербаев қатысты. Ол ауыл тұрғындарын айтулы күнмен құттықтай отырып, аудандағы көгілдір отынмен қамту жұмыстары жайлы баяндап өтті. Әкімнің айтуынша, қазіргі таңда аудан халқының 95 пайызы табиғи газға қосылған. Сонымен қатар, жуық арада Бозтөбе ауылына да газ жеткізілетіні туралы сүйінші хабарды жеткізді.
Іс-шара барысында облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының басшысы Арысұлан Айтбаев сөз алып, облыстағы көгілдір отынмен қамту жұмыстарының жай-күйіне тоқталды. Ол да ауыл тұрғындарын құттықтап, жылы лебізін білдірді.
Ауыл ақсақалдары ақ баталарын беріп, әжелер тәтті шашу шашып, мереке одан әрі қызды.
Алғашқылардың бірі болып үйіне көгілдір отын кіргізген Велиховка мектебінің мұғалімі Гүлсара Отарова бұл күнді үлкен қуанышпен қарсы алғанын айтты.
— Көптен күткен тілегіміз орындалды, ауылымызға газ келді. Суымыз, жарығымыз бар, шаруамыз да шүкір. Шағын ауыл болсақ та, бірлігіміз жарасқан. Ауылдың еңсесін көтеруге үлес қосып жүрген азаматтарға алғысымыз шексіз, —деді ол алғысын білдіре отырып.
Гүлсара апай үйіндегі жаңа газ пешін жағып, батасын беріп, ризашылығын білдірді. Бұл күн — ауыл жұртының есінде ұзақ сақталары сөзсіз.
Ауыл тұрғындары алдағы уақытта жастардың ауылға қайта оралып, туған жердің гүлденуіне үлес қосарына үміт артады.
Бақыт ИМАШЕВ









