ҰЛЫ АҚЫННЫҢ ТОЙЫ — АЛАШТЫҢ МЕРЕЙІ

Ағымдағы жылдың 10 тамызында қазақтың ұлы ақыны, философы, сазгері, ағартушысы, халқының жоғын жоқтап, «қырықпен жалғыз алыстым» деп заман шындығын өлеңмен өрген Абай Құнанбайұлының туғанына 180 жыл толды.

Абайдың шығармашылығы қазақ әдебиеті мен мәдениетінің дамуына берік негіз қалады. Оның даналыққа толы «Қара сөздері» мен өлеңдері, басқа да мол мұрасы бүгінгі күнге дейін тәрбиелік мәнін жоймай, жастарға жігер, халыққа рух беруде.

Елінің рухани дамуына өлшеусіз еңбек сіңірген ұлы тұлғаға құрмет көрсету мақсатында еліміздің түкпір-түкпірінде кең көлемде іс-шаралар ұйымдастырылып жатыр.

Осы орайда біздің ауданымызда да бұл игі бастамаға үн қосып, Бадамша ауылына кіре берістегі көп қабатты тұрғын үйдің қабырғасына Абай бейнесі бейнеленді.

Өткен аптада сол Абай муралы бейнеленген көпқабатты тұрғын үйдің алаңында «Абай — мәңгілік мұра» атты әдеби-сазды кеш өтті.

Бұліс-шара 1-10 тамыз аралығында, облыстық онкүндік аясында ақын мұрасын ұлықтау мақсатында ұйымдастырылды.

Шараға аудан әкімі Нұрлыбек Унербаев қатысып, Абайдың қазақ әдебиеті мен мәдениетіне қосқан өлшеусіз еңбегі жайында сөз қозғап, барша тұрғындарды мерейлі мерекемен құттықтады.

Кеш барысында ақсақалдар жүрек жарды лебізін білдіріп, жастар Абайдың жырларын оқып, әндерін нақышына келтіре орындады.

Сондай-ақ,   Абай рухын асқақтатқан өнер мерекесінде аудандық орталық кітапхана ұжымы «Абай мұрасы: ұрпаққа жеткен өнеге» атты кітап панорамасын ұсынды. Оқырман қауым ұлы ақынның шығармашылық қазынасымен қауышып, сирек деректермен танысты.

Айта кететін болсақ,  Ұлы ақынның 180 жылдық мерейтойына орай ауданымыз бен ауданға қарасты округтердегі білім беру ұйымдары мен мәдениет үйі, кітапхана, жастар орталығында түрлі іс-шаралар ұйымдастырылып өткізілді.

Қарғалы-АҚПАРАТ