Шалғы түсті шабынға

Мал шаруашылығын кәсіп еткен қауым үшін шабындық науқаны – жыл бойғы тіршіліктің тірегі. Биылғы шөп ору маусымы да үміт пен еңбекке толы кезең болып отыр. Әсіресе, өңірімізде жауын-шашынның мол болуы шабындық жұмысты маусымның соңына қарай бастауға итермелесе де, шілденің алғашқы күндерінен бастап қарқын ала түсті.

Шалғысын сайлап, алғашқы болып іске кіріскендердің бірі – Қосестек ауылдық округі. Осы орайда аталмыш ауылдық округ аппаратының маманы Максат Егибаевтан науқан барысы жайында сұрап білген едік.

Оның айтуынша, биыл округке қарасты 15 шаруа қожалығы 9 мың гектар шабындық алқаптан қысқы мал азығын дайындауға кірісіп кеткен. Қыстың қамын жаз ойлаған шаруалар биыл 6575 тонна шөп жинауды жоспарлап отыр. Бұл ауқымды іске 91 бірлік техника жұмылдырылған. Оның ішінде 36 трактор, 17 шөп жинайтын тіркеме, 14 шөп шабуға арналған техникалар (косилка), 3 комбайн, 17 пресс-брикеттеу құрылғысы және тағы басқа 8 тіркеме жұмысқа тартылған.

Ауа райының құбылмалығына қарамастан, «Алтын дән», «Ақ бидай», «Қуаныш» сынды шаруа қожалықтары өнімді еңбек етіп, қазірдің өзінде 500 тоннадан астам шөп дайындалып, оның 400 тоннасы қысқы қыстақтарға жеткізіліп үлгерілген.

Еңбек майданы қызып тұр. Егін жинау науқанына дайындықты қатар алып жүрген шаруалар екі ауысымда тынбай жұмыс істеуде. Мемлекет тарапынан қарастырылған жеңілдетілген жанармайға да өтініш беріп үлгерген шаруа қожалықтары қолдаудан үмітті.

Жалпы, жазғы еңбек – қыстың тыныштығына апарар жол. Бұл жолда дала төсінде маңдай терін төгіп жүрген шаруалардың үміті ақталса болғаны.

Бақыт ИМАШЕВ

Тегтернауқан