«Жәрдем» – қамқорлық керуені

Жыл сайын дәстүрге айналған «Саламатты Қазақстан» жәрдем пойызы биыл да өз сапарын жалғастырып, өткен аптаның бейсенбісі мен жұма күндері біздің ауданға арнайы ат басын тіреді.

                         

Шалғайдағы елді мекен тұрғындарына сапалы әрі қолжетімді медициналық көмек көрсетуді мақсат еткен бұл керуен биыл 40-тан аса тәжірибелі, әр саланың білікті мамандарын қатар алып келген. Осы игі істің ауданымызда ойдағыдай өтуіне бастан-аяқ ұйытқы болған аудандық аурухананың «Салауатты өмір салтын қалыптастыру» бөлімінің дәрігері Самат Мұхтасаровпен тілдесіп, сапар барысы туралы сұрап білген едік.

– Самат Кітабайұлы, екі күн ішінде аудан тұрғындарына қандай медициналық және әлеуметтік көмектер көрсетілді?

– «Саламатты Қазақстан» пойызы – жыл сайын өңірлерді аралап, шалғай ауыл тұрғындарына білікті дәрігерлік көмек көрсетуді дәстүрге айналдырған жоба. Бұл жолы да елден шықпай-ақ, өз ауылында тегін тексеріліп, қажетті ем-домын алуға мүмкіндік алған халықтың қуанышы ерекше болды. Мамандарымыз тұрғындарды қарап қана қоймай, шағын оталар жасап, қажет жағдайда облыс орталығындағы емханаларға кезексіз жолдама беріп отырды.

Сонымен қатар, Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия өкілдері де келіп, ауыл тұрғындарына құқықтық және әлеуметтік мәселелер бойынша кеңес берді. Жер дауы, әлеуметтік төлемдер, еңбек қатынастары секілді маңызды мәселелерді қамтыған бұл қабылдауларда көптеген сұрақтарға нақты жауаптар берілді.

Атап өтсек, 17 шілдеде құрамында түрлі сала дәрігерлері бар жәрдем пойызы аудан аумағындағы Кемпірсай стансасына тоқтап, арнайы ұйымдастырылған қоғамдық көлікпен тұрғындар сол жерге жеткізілді.

Екі күндік қабылдау барысында 737 адам қаралды, олардың 91-і – балалар. Терапевт, психолог, невропатолог, УДЗ дәрігері, рентгенолог, кардиолог, стоматолог, педиатр, уролог сынды көптеген сала мамандары қабылдау жүргізді. Одан бөлек, жүріп-тұру мүмкіндігі шектеулі азаматтардың үйлеріне арнайы мобильді бригадалар барып, қажетті медициналық қызметтер көрсетті.

Барлық көрсетілген көмек – міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру және тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі аясында жүзеге асырылды.

Тұрғындар да дәрігерлердің шынайы жанашырлығына ризашылықтарын білдіріп, алғыстарын жаудырды. Солардың бірі – ауданның ардақты қариясы Асқарбек Қойшыбаев пен Ымсын Досқалиева ақ халаттыларға ақ батасын беріп, алғысын жеткізді.

Қорыта айтқанда, екі күндік сапар ауыл тұрғындары үшін нағыз қамқорлық керуеніне айналды. Елге шынайы жанашырлықпен келген ақ халатты жандардың еңбегі елеулі, ықыласы ерекше.

Бақыт ИМАШЕВ,

ауданның «Құрметті азаматы»

ТегтерДенсаулық