Азаматтық белсенділікке дем берген кездесу

Уақыт алға озған сайын қоғам өміріндегі азаматтық бастамалардың рөлі арта түсуде. Бұл – замана тынысы, ел дамуындағы табиғи үдеріс. Дәл осы арнаны негізге ала отырып, 2025 жылғы 20 маусымда Қарғалы аудандық ішкі саясат бөлімінің ұйымдастыруымен азаматтық қоғам өкілдеріне арналған оқыту семинары ұйымдастырылды. Игі шара «Ақтөбе облысының Азаматтық орталығының қызметін ұйымдастыру» жобасы аясында жүзеге асырылды.

Жобаны Азаматтық бастамаларды қолдау орталығының гранты негізінде, Ақтөбе облысының ішкі саясат басқармасының қолдауымен «Ақтөбе облысының Азаматтық орталығы» ЗТБ қолға алған болатын. Семинар – осы жобаның маңызды кезеңдерінің бірі.

Іс-шара мазмұны тұрғысынан да, өту форматы тұрғысынан да тың серпін берді. Онда үкіметтік емес ұйымдардың мемлекеттік гранттар мен әлеуметтік тапсырыстарға қатысуына қатысты өзекті мәселелер кеңінен сөз болды. Қатысушылар жобалық өтінім жазудың құрылымы мен логикасын меңгеріп, техникалық тапсырманың мәні мен маңызына тереңірек үңілді.Сонымен қатар, ҮЕҰ-ның ресми дерекқорда тіркелуі, жабылуы немесе қайта белсендірілуі жөніндегі құқықтық талаптар да егжей-тегжейлі түсіндірілді. Ұлттық сыйлықақыға құжат тапсыру тәртібі де назардан тыс қалған жоқ. Бұл – ұйымдар үшін жаңа мүмкіндіктерге жол ашатын маңызды ақпарат.

Семинардың ерекшелігі – оның құрғақ дәріс пен монотонды баяндама форматында өтпегенінде. Қатысушылар нақты мысалдармен жұмыс істеп, практикалық тапсырмалар орындады, пікір алмасып, көкейдегі сауалдарына тікелей жауап алды. Бұл – тыңдаушы мен ұйымдастырушы арасындағы сенімді диалогтың нәтижесі.

Азаматтық қоғам – халық пен билік арасындағы алтын көпір. Осы көпірдің берік болуы – білімді, сауатты, құзырлы ұйымдардың жүйелі жұмысына байланысты. Ал мұндай семинарлар – сол ұйымдардың әлеуетін ашуға бағытталған нақты әрі пайдалы қадам.

Бұл шара – мемлекеттік қолдау мен қоғамдық ынтымақтастықтың өзара ұштасқан жемісті үлгісі деуге толық негіз бар.

Аудандық ішкі саясат бөлімі

ТегтерСеминар