Сібір жарасы-аса қауіпті ауру

   Сібір жарасы- бұл қоздырғышы Bacillus anthracis спора түзуші бактериясы болып табылатын жануарлар мен адамның жіті жұқпалы ауруы.  Бұл ауру адамға ауру жұқтырылған жануардың терісімен және жүнімен жанасудан немесе залалданған етті тұтынудан жұғуы мүмкін.

Аурудың белгілері: Жалпы әлсіздік. Малдың белсенділігі төмендейді, аппетиті азаяды.Жануарлардың дене температурасы 40°C-қа дейін көтерілуі мүмкін.
Кейбір малда тыныс алу қиындауы байқалуы мүмкін.Аурудың өткір түрінде мал кенеттен өліп кетуі мүмкін, кейде клиникалық белгілері байқалмайды.
Жұғу жолдары: Сібір жарасы бактериясының споралары топырақта, шөпте және су көздерінде ұзақ уақыт бойы сақталады. Жануарлар спораларды жұтқанда немесе тері арқылы жұқтыруы мүмкін. Ауру көбінесе жұқтырылған азық-түлік немесе су арқылы таралады.

Емдеу. Сібір жарасының емделуі ветеринар дәрігерінің бақылауында жүргізілуі керек. Антибиотиктер мен арнайы емдеу шаралары қажет болуы мүмкін, бірақ аурудың өткір формасы кезінде өлім-жітім деңгейі өте жоғары.

        Әрбір жануарлардың иелері сібір жарасын жұқтыру қауіптілігін ескере отырып, жеке бастың алдын алу шараларын сақтауға міндетті, сондай-ақ ауылшаруашылық малдарын сібір жарасына қарсы ектірулері, сатып алынған жануарлар туралы хабарлауы қажет. Сібір жарасын жұқтырудан Сіз өзіңіздің және жақындарыңыздың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін, жануарлардың ауруы, еріксіз сою немесе өлген жағдайлары туралы дереу мал дәрігерлік маманға хабарлау қажет.

     «ҚР АШМ ВБжҚК Қарғалы аудандық аумақтық инспекциясы» ММ