Ұлттық мереке ұлықталды

Былтырдан бастап елімізде 25 қазанда Ұлттық мереке – Республика күні атап өтіліп келеді. Осы айтулы күннің құрметіне орай кеше аудандық мәдениет үйінде «Қазақстан — Республикам менің!»  атты салтанатты шара өтті.

Салтанатты шараға аудан әкімі, мекеме басшылары мен ұжым қызметкерлері және де кәсіпкерлер, жастар  қатысты.

Сондай-ақ, мерекелік кеште аудан басшысы Асқар Жүсібалиев барша аудан тұрғындарын Республика күнімен құттықтап, егемендігіміздің баға жетпес құндылығы жайында сөз сөйлеп, жүрек жарды лебізін білдірді. Одан соң ауданымыздың  дамуына елеулі үлес қосқан азаматтар мен азаматшаларға құрмет көрсетті.

Мереке аясында аудан әкімі ауданымыздың ақсақалы — Ғалымжан Аумешовқа, аудандық мәдениет үйінің күзетшісі — Ғалия Деримбаеваға, аудандық тарихи-өлкетану музейінің кіші қызметкері — Клара Нағыметоваға, аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөлімінің құпия іс жүргізу бөлімшесінің басшысы — Мақсат Гибадуллинаға, Әлімбет дәрігерлік    амбулаториясының жалпы тәжірибе медбикесі — Зағипаш Губарьға, «Рассвет» шаруа қожылығының басшысы — Олег Ровенскийге, көп балалы ана, Алтын алқа иегері — Венера Дымкароваға, жеке кәсіпкер – Карлыға Темирбаеваға,  аудандық полиция бөлімінің аға лейтенанты — Ғабит Бақтыгреевке, слесарь «Бадамша – Сервис» КМК (коммуналдық мемлекеттік кәсіподағы) —  Александр Гаутдиновқа арнайы Алғыс хаттар табыс етті.

         Сонымен қатар, аудан әкімі аудандық мәслихат төрағасы Сапарбек Аманжоловты «AMANAT» партиясының Төрағасы Е. Қошановтың  «Белсенді қызметі үшін» төсбелгісімен марапаттады.

 Салтанатты шарада «AMANAT» партиясы аудандық филиалының атқарушы хатшысы Надежда Заглядова аудан тұрғындарын ұлттық мерекемен құттықтап, еліміздің өркендеуіне үлес қосқан Наталья Рябова, Айжан Жұлдызбаева, Нұргүл Мысаева, Азиза Таджиева мен Ляззат Қалмағамбетоваға Ақтөбе облыстық филиалының атқарушы хатшысы Ербол Данағұловтың алғыс хаттарын табыстады.

Республика күніне арналған шара аудан өнерпаздарының мерекелік бағдарламасымен жалғасты. Концерттік бағдарламада «Ұшқын» ХЖТ —  театрлық қойылымы сахналанып,  «Кербез» үлгілі би ансамблінің бишілері  мың бұрала би билеп, патриоттық әндер шырқалды. Сондай-ақ, мерекелік көңіл-күйді қазағымыздың қара домбырасы күмбірлетіп, аудандық балалар өнер мектебінің оқушылары «Ақжелең» күйін орындады.

Осылайша, еліміздің егемендігіне себеп болып, ұлттық мерекемізге айналған  Республика күні биыл да өзіндік болмысымен  аталып өтті.

Гүлжазира МЫРЗАБЕКОВА.