Құс өсіруге әркімнің бар таласы…

Қазір кәсіп бастаймын деген кез келген жанға мемлекеттен қолдау бар. Оған «Ауыл аманаты» жобасы арқылы кәсібін қолға алған  жандардың  еңбектері дәлел бола алады. Осы орайда, әркім өзінің ебіне қарай еңбек етіп, көрпесіне қарай көсіліп жатыр.

         Расында, «Ауыл аманаты» жобасына қатысушылар түрлі сала мен мамандық иелері. Олар болашаққа деген нық сеніммен жобаға қатысып,  үміттері  ақталып, мемлекетімізден  қолдау табуда. Ондағы кәсіп иелерінің жалпы мақсаты — өздерінің қолынан келетін ісі арқылы отбасына қосымша табыс әкеле отырып, ауылымыздың өркендеуіне үлес қосу.

Жоба аясында ауданымыз бен ауданға қарасты елді мекен тұрғындарының арасында құс өсірсем деп тәуекел етушілер қатары да күн санап көбейіп келеді. Солардың қатарында Ащылысай орта мектебінің іс жүргізуші болып еңбек ететін  Олеся Горобец   те бар.

Шынымен де, құс өсіру кәсібі жеңіл кқрінгенімен құстың бабын табу оңай шаруа емес. Сондықтан да, Олеся да  құстарды инкубаторда өсіріп-өндіруді қолға алған.

Инкубатормен  жұмыс жасаудың өзі техникалық сауаттылықты талап етеді. Құс шаруашылығын тыңнан бастаған бизнес, сауда саласының маманы Олеся да тәуекел қайығына отырған жан. «Ауыл аманаты» жобасына  қатысып, мақұлданған 2 млн 500 мың қаржыға құстарды алғаш қанаттанғанша ұстап өсіретін қысқы, жаздық орындар үшін құрал-жабдық (инкубатор брудер) алған.

Қазір сол құрал-жабдықпен 360 үй жұмыртқасын, 500 дана кросс тұқымдас тауықтың, 360 неміс тұқымының Ломан Браун жұмыртқаларын алып, оларды инкубаторда өсірумен айналысып отыр. Осы орайда айта кететін бір жайт, инкубаторға бір салғанда 528 жұмыртқа салып, оны белгілі уақытқа дейін күтіп  баптау керек. Анығында 21 күн. Яғни, инкубаторда жетілгеннен кейін 40 күн бағып, содан кейін  броейлерді сойып, қадеге асыратынын ескерсек, бейнеті де баршылық. Кәсіп бастаудың  маңыздылғы жайында былай дейді.

-Мен Бадамшада туып өстім. Орск қаласындағы жоғарғы оқу орнын «Менеджер» мамандығы бойынша тәмамдадым. Отбасын құрып, қазір жолдасым екеуміз екі ұл өсіріп отырмыз. Жолдасым вахталық әдіспен ауылдан шет жерде еңбек етеді. Ал өзім аудандағы қоғамдық жұмыстарға белсене араласамын. Ең алғаш «Ауыл аманаты» жобасы жайында естігенімде оның тиімді шарттары жайында апарат алып, жолдасыммен ақылдаса келе кәсіп бастауды қолға алдық. Нәтижесі де көңіл қуантарлық. Десе де, құс шаруашылығының өзіндік жауапкершілігі мен қиыншылығы бар. Оған қарамастан кәсібімізді бастап та кеттік. Жоба аясындағы алған қаржымыз жетпесе де өзіміздің қаражатымызды қосып, құстарды инкубатормен өсірудеміз. Әрбір істің өзіндік қиыншылығы бар. Сондықтан да, қиыншылығынан қорықпай, әрекет ету арқылы жемісін де көріп отырмыз,-дейді кәсіп иесі.

Иә, адал еңбекпен кәсіп бастауда үлкен береке бар. Тынымсыз еңбектің арқасында  Олеся ауданымыздағы өткізіліп жүрген жәрмеңкелерге де үзбей қатысып, қолдағы барын ауылдастарына қол жетімді бағамен ұсынуда. Сондай-ақ, менеджер маманның алда алар межесі мен кәсібін дамытудағы болашаққа деген жоспарлары өте көп. Оны алдағы уақыттың еншісіне қалдырайық.

Бақыт ИМАШЕВ.