Еңбектің алғаш өнімі

Ауыл аманаты

Баршаңызға аян жыл басынан бері облыста бастау алған «Ауыл аманаты» жобасына қатысып, өз кәсіптерін бастаған ауылдастарымыз жайында жазып келеміз. Енді, міне ауыл адамдарының еңбегін саралайтын алтын күз де келіп жетті. Солардың арасында «Ауыл аманатына» қатысқан үміткерлер де алғаш өнімдерінің жемісін көре бастады. Ауылдық округтермен хабарласып, алғаш өнімдерінің жемісін көргендерді таныстыра кеткенді жөн  көрдік.

 

Солардың ішінде алғашқылардың бірі болып жобасы мақұлданып, іске кіріскен Степной ауылдық округінің еңбекқор отбасылары  Утемис  пен зайыбы Тотыгүл Сағынтаевтар болатын.  Екеуі де «Степной» ЖШС-де еңбек етеді. Әкелері Утепберген мен аналары Сұлудың осы серіктестікке сіңірген еңбектері де баршылық. Екеуі де 1956 жылдан  бері еңбек еткен. Аналары Сұлу Социалистік Еңбек Ері, сонымен қатар, 8 баланың анасы.

Міне қазір осы ауылда өсіп-өніп, еңбек етіп жүрген ұлы әке-шеше жолын қуып, абыройлы еңбек етіп, берекелі отбасының ұйтқысын келтіріп отыр. Утемис осы ауылдың мектебін тәмамдап, кезіндегі ауыл шаруашылығы мамандарын дайындаудан танымал болған  Әлімбет 12 кәсіптік техникалық училищесінің «Дәнекерлеушілік» бөлімін бітірген. Одан әрі Отан алдындағы әскери борышын өтеп келіп, еңбек жолын жалғастырып, күні бүгінге дейін осы «Степной» ЖШС-де еңбегімен танылған жан.

Бертін келе денсаулығына байланысты осы шаруашылықта өзі күзетші, зайыбы Тотыгүл осы ЖШС-де есепші болып қызмет етіп келеді. Қазіргі таңда үш ұл өсіріп отырған отбасы. Үлкені Ақтөбе қаласындағы Қ.Жұбанов атындағы университетін биыл бітірсе, екіншісі  сол оқу орнында білім алуда, ал ең кенжесі  8 сынып оқушысы.

Сондай-ақ, жұмыспен қатар аулаларында мал ұстап игілігін көріп отырған отбасы. «Ауыл аманаты» жобасы бастау алғаннан іске бейім Утемис қажетті құжаттарын дайындап, тәукел деп белін бекем буып қатысады. Қолға алған кәсіптері жайында сұрап білген едік.

-Басында алаңдаушылық болды. Десе де үмітіміз ақталып, «Ауыл аманаты» жобасы басталғанда-ақ алғашқылардың бірі болып іске кірісіп кеттім. Жоба бойынша 2,5 пайызбен  2 миллион 500 мың теңге алып, осы қаржыға 150 қаз, 150  тауық оған қоса жем,су ыдыстарын және де құстарға баспана салуға қажетті құралдарын алдым. Кәсібімнің нәтижесінде, тауықтардан алғаш алған жұмыртқаларын қол жетімді бағамен өткен сенбіде аудан орталығындағы ұйымдастырылған жәрмеңкеге шығарғанмын. Халықтың да үй жұмыртқаларына деген сұранысы жоғары. Тауықтарым орта есеппен күніне 80 жұмыртқадай береді. Жалпы алға қойған мақсаттарымыз да көп. Болашақта шағын құс өсіретін ферма ашып, құстан қалдықсыз өнім алуды көздейміз. Себебі, құстың еті мен мамығын да пайдаға асыруға болады,-дейді кәсіп иелері.

Сондай-ақ, олар пайдаға шаш етектен кенелтуді мақсат етпейді. Ең бастысы ауылда құр отырмай, әркім шамасына қарай адал еңбек ету керек деп есептейді. Өйткені,  еңбек етем деген жандарға мемлекет тарапынан жасалып жатырған  қолдаулар да жетерлік.

Осы орайда Утемис пен Тотыгүл де отбасыларының атынан қолдау білдірген ауыл әкімшілігіне соның ішінде, алғаш аяқ алысымызға демеушілік  пен жанашырлық танытқан аулымыздың қамқоршысы, «Степной» ЖШС-нің директоры Амағос Төлеуов  ағамызға ерекше ризашылығын білдіреді. Ел ағасы   құстарға қажетті 3 тонна жемдік бидайын сыйға тартып,  ең алғашқылардың бірі болып қолдау білдірген екен. Кәсіп иелері бұл жерде сый жасағанына емес, осындай ел ағасының ауылдастық, көрегендік пейліне  деген шексіз қуанышын жасыра алмады.

Бақыт  ИМАШЕВ.