ОРТАҚ ІСКЕ – ОРТАҚ ЫҚЫЛАС ТАНЫТТЫ
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен елімізде биылғы жылдың сәуір айынан бастап «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы бастау алған еді.
Аталмыш акцияның басты мақсаты — тұрғындар арасында экологиялық мәдениетті қалыптастыру, отансүйгіштікті, табиғатты қорғауға, қоршаған ортаға деген жанашырлық құндылықтарын дәріптеу. Әрбір адам өзінің ауласын, көшесін таза ұстап, тазалыққа өзінің үлесін қосу.
Осылайша, 5 аптаға созылған бұл науқанның бірінші аптасы «Таза өлке» деп аталды. Бұл бастаманы ауданымыздың табиғат жанашырлары қуанышпен қабылдап, жаз бойы тыңғылықты жұмыстар жүргізді. Тазалық жұмыстарына мекеме қызметкерлері мен қатар ауданымыздың белсенді жастары өздерінің үлестерін қоса білді. Осы орайда аудандық жастар ресурстық орталығының басшысы Мейіржан Жұбаннан акция аясында жаз бойы атқарылған жұмыстар жайын сұрап білген едік.
-«Таза Қазақстан» – бір айлық науқан емес, оны өмірлік дағдыға айналдыру қажет. Науқан аясында аудан әкімінің қатысуымен орталық саябаққа ағаш отырғызып, акцияға қолдау білдірді. Жаңа акцияны қолдау мақсатында ауданымыздағы Бадамша агротехникалық колледжінің белсенділері өз үндеуін жариялап, акцияға белсенділік танытты. «Жасыл аймақ» экологиялық акциясына қатысқан жастармен жүздесіп, пікір алмасты.
Отаншылдық – тазалықтан басталатынын айтсақ, ағаш егіп, туған жердің тазалығын сақтау, табиғатын қорғау әрбір адамның міндеті. Сондай-ақ, «Жасыл ел» еңбек жасағының сарбаздары қатысқан «Киелі мекен» апталығы аясында мемлекеттің қорғауындағы Нұрпейіс Хазірет мешітінің айналасын арам шөптер мен қоқыстардан тазартылды.
Сонымен қатар, ауданымыз жасыл желекті табиғи ерекшеліктерге бай өлке. Соңғы кездері сырттан келетіндерге туристік мақсатта қызығушылық тудырып келеді. Осы мақсатта елімізге әйгілі біздің туризм «маржандарымыз» Қасқыр сарқырамасы мен Қарғалы су қоймасы жағалауларында «Таза жағалау» акциясы аясында жүздеген жастардың басын қосып, түрлі бағытта экологиялық іс-шаралар ұйымдастырылды.
Акция аясында атқарылған жұмыстар аз емес. Алдағы уақытта да тазалық сақтау, ағаш, гүл егуді өмірлік дағдыға айналдыруды көздейміз. «Табиғат – ел байлығы» демекші, мемлекет дамуы үшін табиғатқа деген құрмет болуы тиіс. Қоршаған ортаны қорғау арқылы Отанға деген патриоттық сезім оянады. Сондықтан, біз өз ортамызды, көшемізді, ауылымызды, қаламызды таза ұстауымыз керек. Арықтарды тазалап, бұлақ көздерін ашу – міндетіміз,-дейді орталық басшысы.
Жалпы «Таза Қазақстан» науқаны басталғалы бері ауданда 55 көше тазаланып, 150 тонна қоқыс шығарылды. Сондай-ақ мыңнан астам ағаш әктеліп, 400-ге жуық көшет отырғызылды. Бұдан бөлек 7 саябақ және сквер, 12 дана балалар және спорт алаңшарлары тазаланды. Бұл іс-шараларға 9 техника және 2 мыңнан астам адам қатысты.
Гүлжазира МЫРЗАБЕКОВА