Қайырымдылық турнирі өтті
Аудандық жастар орталығының қолдауымен Петропавл ауылының жаңа спорт кешенінде волейболдан қайырымдылық жарыс өтті. Аталмыш шараға Ақтөбе қаласы мен ауданымыздан 10 волейбол командалары қатысты.
4/2 форматында ұйымдастырылған бұл сайысқа жігіттер мен қыздар белсене қатысып, арнайы дайындалған медальдар мен кубоктарды өзара сарапқа салды.
Командалар спорттық шараға ерекше дайындықпен келген. Алғашқы сөзді ұйымдастырушылар тарапынан спорт кешенінің директоры Қуаныш Құрмашевқа берілді. Ол өз сөзінде сайыстан жиналған қайырымдылық жарнасы су апатынан зардап шеккен жандарға жіберілетіндігін атап айтып, волейбол жарысына қатысушыларға сәттілік тіледі. Сондай-ақ, бүгінгі спорттық турнирдің мақсаты – ел ішінде спортты насихаттау отырып, әрбір қазақстандықтың жанына қандай да болмасын спорттың бір түрін серік ететін болса, ұлтымызда темірдей денсаулық қалыптасатындығын атап өтті.
Жарыс барысындағы волейбол ойынының негізгі мақсаты – әр тұлғаның физикалық дамуы, командада әрекет етуі, шеберлік деңгейін көтеруі, демалысты ұйымдастыруы және тәжірибе алмасуында.
Спорттық шараға қатысушы барлық ойыншылар командамен ойнаудағы тәжірибелерінің молдығын байқатып, сайыстағы шеберліктерін биік деңгейде көрсете білді. Сонымен қатар, командалар өздерінің шеберліктерін, табандылықтарын, жылдамдықтары мен ептіліктерін де көрсетіп, ойын қызықты өтті.
Осылайша, қайырымдылық мақсатындағы волейбол турнирі тартысты өтіп, нәтижесінде қатысушы командалар жүлделі орындарды өзара бөлісті.
Нәтижесінде, І орынды – АҚ «KEGOK» Ақтөбе филиалының құрама командасы иеленсе, ІІ орынға– «Питер 2» құрама командасы табан тіреді. Ал жүлделі ІІІ орынды «Сұлтан» құрама командасы місе тұтты.
Сайыс қорытындысы бойынша жеңімпаз командаларға кубоктар мен алғыс хаттар табыс етілді. Сондай-ақ, қатысушылар спорт кешені ауласына алма ағашының көшеттерін отырғызып, ауыл көркіне өздерінің үлестерін қосты.
Жұлдыз КЕНЖЕ