ТУҒАН-ТУЫСТЫҢ ХАҚЫСЫ

Туыстық қарым-қатынасты сақтаудың мұсылман адам үшін мән-мағынасы өте үлкен. Ыбырай Алтынсарин атамыз: «Балаға берілетін бірінші тәрбие ата-анасын, туған-туысын, жолдасын сыйлауға үйретуден басталады», – демекші, туған-туыспен жақсы қарым-қатынас жасаудың бір әулеттің ғана емес, жалпы қоғамдық бірліктің берік болуына ықпалы зор. Қазақ халқының: «Туысы бірдің – уысы бір», «Ағайын тату болсаат көп, абысын тату болсаас көп», «Мал қонысын іздейді, ер туысын іздейді» – деуі де жайдан жай айтылмаса керек. Алла Тағала Қасиетті Құранның «Нахыл» сүресі, 90-аятында: «Негізінде Алла әділетті, игілікті және ағайынға қарайласуды бұйырады. Сондай-ақ арсыздықтан, жамандықтан тыяды», – деп айтқан.

Туыстар – бір түбірден өскен ағаштың бұталары тәрізді. Осы себепті де олардың арасында береке мен бірліктің болуы, өзара татулық пен мейірімділіктің аясында қарым-қатынас жасауы аса маңызды іс. Туыстарына ізгілік етпеген адамның өзгелерге мейірбан болуы екі талай. Қазақ халқы туысқанды өзін ойлағандай ойлау, оның арын өз арын қорғағандай қорғау, қуанышы мен қайғысына ортақтасу, тарыққанда сұратпай қол ұшын беру сияқты істерге аса мән берген.

Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Кім Аллаға және Қиямет күніне иман келтірсе, қонағын сыйлап, құрметтесін. Кім Аллаға және қиямет күніне иман келтірсе, туысқанымен қарым-қатынасын үзбей, жалғастырсын. Кім Аллаға және қиямет күніне иман келтірсе, жақсы сөз сөйлесін немесе үндемесін», – деген (Бұхари, Мүслим).

Хадисте айтылғандай, ақыретке қалтқысыз сенген адам қонағын сыйлап, сонымен қатар туған-туысқандармен қарым-қатынасты үзбей әрі тіліне абай болған жөн. Қиямет күніне сену – иманның негізгі шарттарының бірі. Сондықтан туыстармен байланысты үзбеудің ақыретке иман келтірумен байланыстырылуы бұл амалдың Алла құзырында айрықша маңызға ие екенін білдіреді. Жалпы туыстық қарым-қатынасты сақтау мәселесінде адамдар үш түрлі болады:

Бірінші, туыстық қатынасты сақтап әрі оларға жақсылық жасаушы адамдар: Хадисте ондай адамдар – «әл-уасилу» (туыстық байланысты сақтаушы) деп аталған. Мұндай адам туыстардың ішіндегі сыйластық танытқандарымен ғана сыйласу емес, туыстық қатынасты үзіп қойған туыстарымен қарым-қатынасын бірінші болып түзеп, оларға жақсылық жасай біледі.

Туыстық қатынасты сақтаған адамды Алла Тағала қияметте шексіз сауапқа бөлеп, бұл дүниеде ризығын мойлайтып, өмір жасын ұзартады.  Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Кімде-кім ризығының көбеюін және өмірінің ұзаруын қаласа, туысқанымен қарым-қатынасын үзбесін», – деген (имам Бұхари, Мүслим).

Туыстар мен байланысын үзбеу дегеніміз олардың хабарын алып, қал-жағдайын сұрау, хат жазу, телефон соғу, ауырғанының көңілін сұрау, қуаныш пен қайғысына ортақтасу, сапарға шығып кеткен ағайынның мал-жанына қарайласу сынды істер жатады.

Екінші, туыстық қатынасты үзушілер:Ондай адамдар хадисте – «әл-қатиғу» (үзуші) деп аталған.Бұл атау туыстық қатынасты сақтамайтын, олармен араласпайтын, қиналғанда жанынан табылмайтын адамдарға қатысты айтылады. Алла Тағала қасиетті Құранның «Ниса» сүресі, 1-аятында:«Алладан қорқыңдар,туыстық байланысты үзуден сақтаныңдар! Күдіксіз, Алла сендерді бақылап тұрушы»,–деп ескерткен. Туыстар жағынан теріс әрекеттер болғанның өзінде кешіріммен қарап, Алланың бұйрығын орындап, әркез туыстық ақыларды сақтауға тырысады. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Туыстық қатынасты үзуші жәннатқа кірмейді», – деп айтқан. Аталмыш хадисте туыстық қатынасты үзген адамға қатысты «жәннатқа кірмейді» делінуінен, туыстық қатынасты үзудің қаншалықты ауыр күнә екендігін түсінуімізге болады.

Дініміздің осындай қазыналарын тереңінен түсінген бабаларымыздың «Ағайынның азары болса да, безері болмас» деген сөзіне үңілер болсақ, туыс адам жаман болғанның өзін де одан безінуге, қарым-қатынасты үзуге болмайтындығын түсінеміз.

Үшінші, жоғарыда айтылған екі дәреженің ортасындағы адамдар: Мұндай адамдар туыстарына жақсылық та жасамайды, жаманшылығын да тигізбейді. Сыйласқанымен ғана сыйласады, араласпағандарымен араласпайды, оларды арнайы іздемейді. Осылардың ішінде мұсылман адам бірінші санаттағы, яғни туыстық қатынасты сақтаушылардан болып, екінші мен үшінші санаттағылардан болудан сақтануы қажет.

Осындай аяттар мен хадистерді көкейіне берік тоқыған ата-бабаларымыз ағайын арасын бөлмей, елдің бірлігі мен берекесін қатаң сақтай білген. Ауыл арасындағы той-томалақтан бастап, айшылық жерлердегі тумаларымыздың өлім-жітімінде де ағайынгершілікпен атқарар салт-дәстүрлеріміз көптеп кездеседі. Біздің атқарып жүрген ағайын аралық сан түрлі тамаша дәстүрлерімізді «Ағайыннның қадірі торқалы той, топырақты өлімде» деп бір ауыз сөзбен ғана бекіткен елміз. Осылайша біздер Алланың бұлжымас заңдылығы туыс-туғанмен қарым қатынасты үзбеуді өмірлік ұстанымызға айналдырған халықпыз.

Туыс адамдар той-томалақ, қуанышты сәттерде ортақтасу, қиындық кезінде көмек қолын созу, ауырып қалса қал-жағдайын сұрап бару, ақыл-кеңеске мұқтаж болса, ақыл қосу сияқты т.б. істерде бір-біріне жәрдемші болулары тиіс. «Туыстан асқан жақын жоқ, ұмытуға хақын жоқ», «Бауыр шырын, бас тәтті, Ағайынмен ішкен ас тәтті» дейтін халқымыз, әрдайым ұрпағына туыстық қатынасты сақтаудың артықшылығы жайында айтып, ескертіп отыратын болған.

Ағайын-туыстық ақысын ойлайтын адам, әсіресе қиналған уақыттарында олардың қасынан бірінші болып табылуға тырысуы қажет. «Ата-ананың қадірін балалы болғанда білерсің, ағайынның қадірін жалалы болғанда білерсің» делінген аталы сөзден осыны ұғынамыз. Туыс адам үшін жұмсалған қаражат шығын емес, қияметтік сауап деп танылады. Асыл дінімізде ағайын-туысқа жасалған жәрдемде екі садақаның сауабы бар. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын)

«Кедейге садақа беру – садақа, ал туысқанға көмектесу болса екі сауап. (Бірі) садақаның, (ал екіншісі)  туысқандық қарым-қатынасты сақтаудың (сауабы)», – деген (имам Тирмизи).

 

Н.ҚЫРЫҚБАЕВ,

  аудандық мешіттің бас имамы

 

ТегтерДін