ҚАЗАҚ ТІЛІ – ҰЛТ БІРЛІГІНІҢ ҰЙЫТҚЫСЫ

ҚАЗАҚ ТІЛІ – ҰЛТ БІРЛІГІНІҢ ҰЙЫТҚЫСЫ

Өткен аптада ауданымызға жұмыс сапарымен қазақ тілінің мәртебесін асырып, беделін биіктетуге атсалысып жүрген ақпараттық топ келді. Облыстық тілдерді дамыту басқармасы жанынан құрылған аталған топ мүшелері аудан әкімдігімен бірлесіп «Қазақ тілі — ұлт бірлігінің ұйытқысы» атты семинар-кеңес өткізді.

Семинар-кеңеске облыстық тілдерді дамыту басқармасы басшысының міндетін атқарушы Маржан Жанасова, «Қазақ тілі» халықаралық қоғамының облыстық ұйымының төрағасы Роман Рахиев, тілдерді оқыту орталығының директоры Клара Серғазина қатысты. Ал, аудан әкімінің орынбасары Индира Сакауова семинар барысына жетекшілік етіп отырды. Ақпараттық топ жетекшісі Маржан Жанасова семинар кеңестің мақсаттарын атап өтті.

— «Қазақ тілі — ұлт бірлігінің ұйытқысы» жобалық кеңесінің басты міндеті — мемлекеттік тілдің мәртебесін одан әрі биіктету мен практикалық қолдануын ынталандыруды жүзеге асыру. Мемлекет басшысы былтыр қазан айында алматылықтармен кездесуінде қазақ тілі мәселесіне ерекше тоқталып: «Өз тілімізді өзіміз ұлықтауымыз керек. Бұл — өте дұрыс. Бірақ, өзге тілден бас тартуға болмайды. «Өз тілің бірлік үшін, өзге тіл тірлік үшін» деген сөз бар. Біз тіл саясатын байыппен жүргізуіміз керек. Сонда ғана көздеген мақсатымызға жетеміз» деген болатын. Ендеше іс-шараларды осы бағытта жүргізе беруіміз керек, — дейді М.Жанасова.

ҚАЗАҚ ТІЛІ – ҰЛТ БІРЛІГІНІҢ ҰЙЫТҚЫСЫ

Ал, Роман Рахиев өзі төрағалық ететін «Қазақ тілі» халықаралық қоғамы облыстық ұйымының атқарған жұмыстары туралы айтып берді. Одан әрі сөз алған Тілдерді оқыту орталығының директоры Клара Серғазина мемлекеттік тілді үйретудегі жаңаша бағыттарды таныстыра келіп:

— Елімізде тілді жаңаша оқыту барысында қаралып жатқан жаңа жоба қабылданса, 2022-2025 жылдардағы білім беруді дамытудың жаңа кезеңінде қазақ тілін оқытудың әдістемелері жетілдіріледі және оны үйретудің жалпы мемлекеттік жүйесін қалыптастырады. Әрі мектеп, колледж, жоғары оқу орны сатылары бойынша мемлекеттік тілді оқытудың жеке деңгейлері айқындалып, түзеліп және үздіксіз білім беруді қамтамасыз етеді, — деп ойын да ортаға салды.

Сондай-ақ ол мемлекеттік тіл аясында бұрыннан қордаланған мәселелерді кешенді, жан-жақты шешу керегін де еске салды. Кеңес барысында тіл тағдыры, ономастика туралы, мониторинг нәтижелері, тіл басқармасының атқарған жұмыстары мен алдағы міндеттері туралы айтылды. «Қазақ тілі» халықаралық қоғамының аудандық филиалының басшысы Рита Шаметова бастаған аудандағы бастауыш ұйымдары жетекшілері, аудандық мекемелердің өкілдері ұйып тыңдаған тіл мәселесіне қатысты жүздесу ұсыныс, сұрақ-жауап, пікір-тілекке ұласты.

Бақыт ИМАШЕВ,

ауданның «Құрметті азаматы», тіл жанашыры.