Жаңа тарихи кезеңнің бағдары

Еркебұлан Әбдіғалиев,

Қарғалы аудандық ауруханасының басшысы

Биыл наурыз айында халқымыз мемлекеттігіміздің негізгі тірегі — Конституциямызды қабылдады. Бұл — тұтас еліміз үшін тарихи мәні терең оқиға. Азаматтарымыз жаппай қолдаған Конституция 1 шілдеде заңды күшіне еніп, еліміздің саяси жүйесін түбегейлі жаңғыртуға және жаңа билік институттарын қалыптастыруға үлкен серпін берді. Бүгінде халқымыз жарқын болашаққа бастайтын ауқымды жұмыстарды жүзеге асыруға белсенді түрде кірісті. Мемлекет басшысы өз Жолдауында: «Ел өміріндегі тарихи өзгерістердің барлығы халықтың көз алдында болып жатыр», — деп атап өткен-ді.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың кезекті Жолдауы — еліміздің жаңа тарихи кезеңдегі даму бағытын айқындайтын маңызды әрі стратегиялық құжат. Ел дамуына серпін беретін тарихи қадамдарды толықтай қолдаймыз. Оларды жүзеге асыруға әрбір азамат өз үлесін қосуға тиіс.
Мемлекеттің басты байлығы — адам және оның денсаулығы. Жолдауда жаңа денсаулық сақтау нысандарын салу, заманауи перинаталдық орталықтар мен балалар ауруханаларын дамыту, алғашқы медициналық көмектің сапасын көтеру мәселелері қарастырылған. Президент келер жылы аймақтарда 70-ке жуық денсаулық сақтау нысаны салынатынын тілге тиек етті. Перзентханалар, ауруханалар, жедел медициналық көмек көрсету станциялары, балаларға арналған оңалту орталықтары мен ерекше балалардың сұранысына сай спортзалдар бой көтеруі халықтың әл-ауқатын арттырып, денсаулығын нығайтуға бағытталған жұмыстың нәтижесі болмақ.
Сондай-ақ дәрігерлер мен медицина қызметкерлерінің еңбегін лайықты қолдау және халықтың медициналық қызметке қолжетімділігін жақсарту — басты назарда.
Әлеуметтік саясаттың философиясы да жаңаруда: мемлекеттің мақсаты — азаматтарды мемлекеттік жәрдемақыға тәуелді етіп, масылдыққа үйрету емес. Керісінше, әр азаматтың өмір сапасын жақсартуға, адал еңбек етуіне, кәсіп үйренуіне және өз мүмкіндігін толық жүзеге асыруына жағдай жасау. Мемлекеттік қолдау ең алдымен шын мұқтаж жандарға атаулы түрде көрсетіліп, ал еңбекке қабілетті жастар мен азаматтарға жаңа мамандық игеріп, өз ісін бастауға мүмкіндік беріледі.