ЖЕТІСТІККЕ ЖЕТЕЛЕГЕН – АДАЛ ЕҢБЕК

Өткен аптада №2 Бадамша орта мектебінде Қазақстанның Еңбек Ері, «Степное» ЖШС-нің директоры Аманғос Төлеуовпен тағылымды кездесу өтті. Жүздесуге мектеп ұжымы мен жоғары сынып оқушылары қатысты.

Құрметті қонақты мектеп директоры Айна Дюсекова бастаған ұжым қазақы дәстүрмен қарсы алып, домбыраның күмбірлеген үнімен және ұлттық дәммен  құрмет көрсетті.

Алдымен Аманғос Сансызбайұлы білім ордасының тыныс-тіршілігімен танысып, робототехника,шеберхана және ұлттық нақышта жабдықталған кабинеттерді аралады. Сондай-ақ оқушылардың қолынан шыққан шығармашылық және қолөнер бұйымдарын тамашалады.

Одан соң оқушыларға қонақтың өмірі мен еңбек жолы, кәсіби жетістіктері туралы бейнеролик көрсетілді. Кездесу барысында Аманғос Төлеуов ауыл шаруашылығы саласындағы қызметі, шаруашылықты дамыту бағытындағы жұмыстары мен еңбек тәжірибесі туралы әңгімелеп, жастармен ой бөлісті. Сондай-ақ оқушылар ел ағасына арнап жыр шумақтарын тарту етті.

   

Кездесу барысында ол жастарға білім мен еңбектің маңызына тоқталып, жетістікке жетудің басты жолы – табандылық пен өз ісіне деген сүйіспеншілік екенін атап өтті.

– Өмірде ешбір жетістік өздігінен келмейді. Оның артында білім, ізденіс және тынымсыз еңбек тұрады. Ең бастысы – алған біліміңді тәжірибемен ұштастырып, таңдаған ісіңе адалдықпен қарау. Қандай қызмет атқарсаң да, оны жауапкершілікпен орындап, үнемі ізденісте болу қажет. Сонда ғана еңбегіңнің жемісін көресің. Өзімнің де ұзақ жылғы еңбегімнің нәтижесінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қолынан еліміздің жоғары марапаты – «Қазақстанның Еңбек Ері» атағын алуым үлкен мәртебе, – деді Аманғос Сансызбайұлы.

Жүздесу барысында оқушылар көкейлеріндегі сауалдарын қойып, қонақпен еркін пікір алмасты. Әсіресе, болашақ мамандықты таңдау, кәсіби білім алу және еңбек жолында жетістікке жету жөніндегі әңгіме жастар тарапынан қызығушылық тудырды.

Өз кезегінде мектеп ұжымы да Аманғос Сансызбайұлына арнайы келіп, оқушылармен мазмұнды әңгіме өрбіткені және өмірлік тәжірибесімен бөліскені үшін алғысын білдірді.

Еңбек адамының өнегелі өмір жолы мен тәжірибесі арқылы өрбіген бұл кездесу оқушыларға үлкен ой салды. Мұндай жүздесулер жас ұрпақты білімге құштарлыққа, адалдыққа, табандылыққа баулып, туған елінің дамуына үлес қосуға үндейді.

Жұлдыз КЕНЖЕ