ЕЛ ЖАДЫНДА ҚАЛҒАН ЕСІМ

Аудан орталығында өңіріміздің қоғамдық-саяси және спорттық өмірінің дамуына елеулі үлес қосқан, ел жадында жарқын бейнесі мен өнегелі ізі қалған Манас Омарбековті еске алуға арналған шағын футболдан турнир өтті.
Тағылымды жарыстың басты мақсаты – спорт саласында өзіндік қолтаңбасын қалдырған азаматтың есімін ұлықтау, оның өнегелі өмір жолын кейінгі ұрпаққа үлгі ету, сондай-ақ аудан тұрғындары арасында бұқаралық спортты дамыту мен салауатты өмір салтын насихаттау.
Турнирдің ашылу салтанатында аудан әкімі Нұрлыбек Унербаев сөз сөйлеп, Манас Сейтқамалұлының ауданның дамуына, оның ішінде спорт саласының өркендеуіне қосқан үлесін атап өтті. Сонымен қатар жарысқа қатысушы командаларға сәттілік тілеп, мұндай тағылымды шаралардың маңыздылығына тоқталды.
Бұл турнир – жай ғана спорттық бәсеке емес, елге еңбегі сіңген азаматтың өнегелі өмірін еске алып, оның есімін кейінгі буынға танытудың жарқын үлгісі.
Өнегелі өмір өрнегі
Манас Омарбеков 1965 жылдың 20 мамырында Қызылорда облысы Жаңақорған ауданына қарасты Төменарық ауылында дүниеге келген. Білім жолын Түркістан қаласындағы теміржол мектебінде жалғастырып, 1981 жылы орта білім алған.
1984-1989 жылдары Ақтөбе мемлекеттік педагогикалық институтының филология факультетінде оқып, студенттік кезеңнен-ақ қоғамдық жұмыстарға белсене араласты. Студенттер кеңесінің төрағасы, жастар деканатының мүшесі ретінде ұйымдастырушылық қабілетімен танылды.
Еңбек жолын 1989 жылы Қызылфлот негізгі мектебінде орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі болып бастаған. Кейін аталмыш білім ордасында директордың міндетін атқарып, 1990-1992 жылдары мектеп директоры қызметін абыроймен атқарды.
1993 жылдан бастап Ленин аудандық әкімшілігінде түрлі жауапты қызметтерде еңбек етті. Атап айтқанда, аудандық жастар комитетінің төрағасы, әкім аппаратының ұйымдастыру және кадр жұмысы жөніндегі сектор меңгерушісі, жастар, туризм және спорт комитетінің бас маманы, аудан орталығының әлеуметтік-экономикалық даму секторының меңгерушісі қызметтерін атқарды.
2000 жылы Бадамша ауылдық округі әкімінің міндетін атқарушы болып тағайындалып, сол жылдың маусым айынан 2002 жылдың шілдесіне дейін округ әкімі қызметін атқарды. Бұл кезеңде ауылдың әлеуметтік-экономикалық дамуына, елді мекеннің көркеюіне және қоғамдық жұмыстардың жандануына атсалысты.
Ал 2002 жылдың қыркүйегінде №2 Бадамша орта мектебіне дене шынықтыру пәнінің мұғалімі болып орналасып, өмірінің соңына дейін жас ұрпаққа білім мен тәрбие берді.
Спортты серік еткен азамат
Манас Сейтқамалұлының болмысын спорттан бөліп қарау мүмкін емес. Ол футбол мен волейболдан аудан құрамасының намысын қорғап, түрлі жарыстарда жоғары деңгейде өнер көрсетті. Спортты тек жеке қызығушылығының бір бөлігі емес, елді біріктіретін, жастарды жігерлендіретін маңызды тәрбие құралы деп білді.
Оның қайсарлығы мен төзімділігін айғақтайтын ерекше жетістіктерінің бірі – Ақтөбе мен Бадамша арасындағы 120 шақырымдық қашықтықты жүгіріп өтуі. Бұл – кез келген адамның қолынан келе бермейтін зор жігер мен табандылықтың көрінісі.
Аудан спортының дамуына қосқан еңбегі де елеусіз қалған жоқ. Атап айтқанда, 1993 жылы мектеп директоры ретіндегі еңбегі үшін, 1995-1996 жылдары қоғамдық және жастар саясаты саласындағы қызметі үшін, 1999 жылы спортты дамытуға қосқан үлесі үшін, 2001-2002 жылдары аудан мен ауылдың өркендеуіне сіңірген еңбегі үшін марапаттарға ие болды. 2003 жылы №2 Бадамша орта мектебі тарапынан спорт саласына қосқан үлесі үшін Алғыс хатпен марапатталды.
Өкінішке қарай, Манас Сейтқамалұлының ғұмыры 2003 жылдың 16 наурызында, небәрі 37 жасында үзілді. Ол Наурыз мерекесіне орай мекемелер арасында ұйымдастырылған футбол жарысында алаңға шығып, ойын барысында соңғы голын соққаннан кейін жүрек талмасынан қайтыс болды. Өмірін спортпен байланыстырған азаматтың жарыс алаңында көз жұмуы – жақындары мен оны таныған жандар үшін орны толмас қаза болды.
Жалғасқан дәстүр – ұмытылмас есім
Арада жылдар өтсе де, Манас Сейтқамалұлының елге сіңірген еңбегі мен жарқын бейнесі ұмытылған жоқ. Оны еске алуға арналған футбол лигасының ұйымдастырылуы – азамат есіміне деген құрметтің, оның спортқа деген сүйіспеншілігін кейінгі буынға жеткізудің айқын көрінісі.
Биылғы бәсекеге аудан орталығындағы мекемелерден құралған сегіз команда қатысты. Атап айтқанда, «ҚТЖ», «Teachers United», «ЧС», «Energosistema», «Art Team», «Champion», «Сұңқар» және «Qyzmet FC» командалары өзара бақ сынады. Жарыс барысында қатысушылар алаңдағы шеберліктері мен ұйымшылдықтарын танытып, жеңіске деген жігерлерін көрсетті. Әр кездесу тартысқа толы өтіп, көрермендерге қызықты ойын сәттерін сыйлады.
Шешуші кезеңде командалар арасындағы бәсеке одан әрі қыза түсті. Үшінші орын үшін «Teachers United» пен «Сұңқар» командалары кездессе, чемпиондық атаққа «Champion» және «Qyzmet FC» ұжымдары таласты. Нәтижесінде, тартысты ойын қорытындысы бойынша үшінші орынды «Teachers United», екінші орынды «Champion» командасы иеленсе, турнир жеңімпазы атанған «Qyzmet FC» командасы чемпиондық кубокты қанжығасына байлады.
Жарыстың жабылу салтанатында аудан әкімі Нұрлыбек Унербаев жеңімпаздар мен жүлдегерлерді құттықтап, оларға медальдар, кубоктар және ақшалай сыйлықтар табыстады. Атап айтқанда, І орынға – 50 мың, ІІ орынға – 40 мың, ІІІ орынға – 30 мың теңге көлемінде қаржылай сыйақы берілді.
Салтанатты жиында Манас Сейтқамалұлының жары Бану Мұхтар да сөз сөйлеп, марқұмның есімін ұлықтауға арналған шараның жоғары деңгейде ұйымдастырылғанына ризашылығын білдірді. Сондай-ақ жарыстың өтуіне қолдау көрсетіп, атсалысқан мекеме басшылары мен жауапты азаматтарға отбасына көрсеткен құрметтері үшін алғыс айтып, естелік сыйлықтарын табыс етті.
Турнирді ұйымдастыруға белсене атсалысқан марқұмның ұлы Бағдат Омарбеков те жарыс барысында үздік ойын өрнегін көрсеткен спортшыларды назардан тыс қалдырмады. Ол жекелеген номинациялар бойынша үздік деп танылған ойыншыларға арнайы ақшалай жүлделер мен естелік сыйлықтар табыстады. Атап айтқанда, «Үздік қақпашы» номинациясы Мақат Құдабаевқа, «Үздік қорғаушы» Темірлан Таубаевқа, «Үздік шабуылшы» (бомбардир) Дулат Жолдасовқа, «Үздік ойыншы» Ернар Урекешевке, ал «Үздік төреші» атағы Сырым Қанмамаевқа бұйырды.
Еске алу шарасына Манас Сейтқамалұлының отбасы мүшелері, туған-туыстары, әріптестері мен достары арнайы қатысты. Жиын барысында оның өмір жолында бірге қызмет атқарған, талай жыл үзеңгілес болған достары Қадыр Ахметкереев, Серікжан Кенжегулов және Құсайын Буханов жүрекжарды лебіздерін білдіріп, азамат туралы естеліктерімен бөлісті.
– Бүгінгі іс-шараның мәні ерекше. Досымызға арналған еске алу лигасы жоғары деңгейде ұйымдастырылып отыр. Біз арнайы Ақтөбе қаласынан келдік. Манас туралы көп айтуға болады. Ол өте жақсы азамат еді. Өзі өмірден өтсе де, артында жақсы ісі мен өшпес ізі қалды. Сонау 1990 жылдары Бадамшаға жас маман болып келіп, бірге қызмет атқардық. Кейін осы жерде Бану екеуі шаңырақ көтеріп, екі ұл тәрбиелеп өсірді. Бүгінде ұлдары да әке жолын жалғап, бірі спорт саласында, екіншісі мемлекеттік қызметте еңбек етіп жүр. Ауылымыздың жылдан-жылға көркейіп, осындай заманауи спорт кешенінде еске алу турнирінің өтіп жатқаны қуантады. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын! – деді ол.
Сонымен қатар, ұлы Бағдат әке есімін ұлықтауға арналған турнирдің мақсаты мен ұйымдастырылу барысына тоқталып, қолдау білдірген азаматтарға отбасы атынан алғысын жеткізді.
– Әкеміздің есіміне арналған шағын футбол турнирі 9 қыркүйекте басталып, екі ай бойы жалғасты. Бүгін міне, жарыстың қорытындысы шығарылып, жабылу салтанаты өтуде. Әкеміз ауданға белгілі спортшы, марафоншы, мемлекеттік қызметші болды. Оның спортқа деген сүйіспеншілігі ерекше еді. Біз бұл турнирді әкеміздің есімін ұлықтап қана қоймай, аудан тұрғындарының спортқа деген қызығушылығын арттыру, жастарды бұқаралық спортқа тарту мақсатында ұйымдастырдық. Әкеміз 2003 жылы осындай спорттық шараның финалдық кезеңінде футбол алаңында өмірден өтті. Содан бері 23 жылға жуық уақыт өтті. Бұл – әкеміздің есіміне арналып ұйымдастырылып отырған алғашқы шара емес. 2003-2005 жылдары қатарынан үш жыл бойы футболдан, волейболдан және марафоннан жарыстар өткізілген болатын. Биыл осы игі дәстүрді қайта жаңғыртып, шағын футбол лигасын ұйымдастырдық. Жарысқа мемлекеттік мекемелерден құралған сегіз команда белсенді қатысып, тартысты ойын көрсетті. Осы орайда турнирдің өтуіне қолдау білдірген барлық мекеме басшыларына, ұжым қызметкерлеріне, ұйымдастыру жұмыстарына атсалысқан азаматтарға және жанашырлық танытқан барша ағайынға отбасымыздың атынан шынайы алғысымызды білдіреміз. Әкеміздің есімін ардақтап, оның спортқа деген құштарлығын жалғастыруға үлес қосып жүргендеріңіз біз үшін үлкен құрмет, – деді Бағдат Омарбеков.
Шара барысында айтылған естеліктер мен ақжарма тілектер бір азаматтың артында қалған жақсы аты мен өнегелі істерінің уақыт өткен сайын қадірі арта түсетінін аңғартты. Әсіресе, ұрпақтарының әке жолын жалғап, оның есімін ұлықтауға бағытталған игі бастамаларды қолға алуы – отбасы тәрбиесі мен сабақтастықтың жарқын үлгісі.
Спорт – тек жеңіс пен жеңілістің өлшемі емес. Ол – бірлік пен татулықты нығайтып, ортақ мақсат жолында күш біріктіруге үйрететін маңызды тәрбие мектебі.
Өмірін ел қызметіне арнап, спортты өмірлік ұстанымына айналдырған Манас Сейтқамалұлының есімі осындай игі шаралар арқылы жаңғырып, ел жадында сақтала бермек.
Гүлжазира МЫРЗАБЕКОВА














