САЛЫҚ ҚЫЗМЕТІНЕ – 35 ЖЫЛ

Сәрсенбі күні аудан әкімдігінің мәжіліс залында Қазақстан Республикасы салық қызметінің құрылғанына 35 жыл толуына орай салтанатты жиын өтті.

Басқосуға «Салық қызметі органдарының ардагерлері» республикалық қоғамдық бірлестігінің Ақтөбе облысы бойынша филиалының директоры Саламат Аманбаев, аудан әкімінің орынбасары Рамазан Ногуманов, мемлекеттік кірістер саласының ардагерлері мен қызметкерлері қатысты.

Жиын барысында аудан әкімінің орынбасары салық жүйесінің ел экономикасындағы айрықша рөліне тоқталып, оның мемлекеттік бюджеттің кіріс бөлігін қамтамасыз етудегі және өңірлердің әлеуметтік-экономикалық дамуына серпін берудегі маңызын атап өтті. Сонымен қатар сала ардагерлері мен бүгінгі қызметкерлерді айтулы мерейтоймен құттықтап, абыройлы еңбектеріне табыс тіледі.

Мерекелік шарада Салық органдары ардагерлері кеңесінің Ақтөбе облысы бойынша төрағасы Саламат Аманбаев та сөз сөйлеп, салық қызметінің қалыптасуы мен даму жолына тоқталды. Ол осы жылдар ішінде сала жұмысының жетілдіріліп, жаңа талаптарға сай жаңғырғанын атап өтіп, оның дамуына елеулі үлес қосқан ардагерлер мен қызметкерлерге ризашылығын білдірді.

                           

Салтанатты жиынның маңызды бөлігі марапаттау рәсіміне ұласты. Көп жылдар бойы салық саласында табанды еңбек етіп, кәсіби біліктілігімен және жауапкершілігімен танылған бірқатар азаматтың еңбегі еленді. Атап айтқанда, Құсман Рахимов аудан әкімінің Алғыс хатымен марапатталса, Жанат Кушимова мен Татьяна Сиротина «Салық қызметі органдарының ардагерлері» республикалық қоғамдық бірлестігінің Алғыс хатына ие болды.

Өз кезегінде аудан әкімінің орынбасары Рамазан Ногуманов «Салық қызметі органдарының ардагерлері» республикалық қоғамдық бірлестігінің Ақтөбе облысы бойынша филиалының директоры Саламат Аманбаевқа аудан әкімі Нұрлыбек Унербаевтың атынан Алғыс хат табыстады.

Отыз бес жылдық тарихы бар салық қызметі – тәжірибе мен кәсібилікті, жауапкершілік пен адалдықты ұштастырған маңызды сала.

Осылайша, мерейтойлық басқосу сала мамандарының еңбегіне көрсетілген құрметтің жарқын көрінісіне айналды.

Қарғалы-АҚПАРАТ

ТегтерҚұрмет