АУДАН ТҰРҒЫНДАРЫ ҚҰРЫЛТАЙ САЙЛАУЫНДА ӨЗ ТАҢДАУЫН ЖАСАДЫ

23 тамызда ауданымызда Қазақстан Республикасы Құрылтайы депутаттарының сайлауы өтті. Сайлау учаскелеріне келген тұрғындар өз таңдауын жасап, азаматтық ұстанымдарын білдірді. Дауыс беру барысында тұрғындардың белсенділігі байқалып, елдің қоғамдық-саяси өміріндегі маңызды науқанға жауапкершілікпен қарағаны көрінді.

Осы күні әр учаскеде түрлі жастағы тұрғындардың басын қосқан ортақ мақсат – өз таңдауын жасап, азаматтық міндетін орындау болды. Алғаш рет дауыс берген жастардан бастап, саналы ғұмырын ел дамуына арнаған аға буын өкілдеріне дейін сайлау үдерісіне өз үлесін қосты.

Айта кетейік, ауданымызда  сайлауды ұйымдастыру мен өткізуге алдын ала тиісті дайындық жұмыстары жүргізілді. Тұрғындардың дауыс беруіне қолайлы жағдай жасалып, азаматтардың сайлау құқығын кедергісіз пайдалануына мүмкіндік берілді. Аудан аумағында 16 сайлау учаскесі жұмыс жасады. Оның 4-еуі аудан орталығында, 12-сі ауылдық округтерде орналасқан. Барлығында дауыс беру таңғы сағат 07:00-де басталып, белгіленген тәртіппен кешкі сағат 20:00-де аяқталды.

САЙЛАУҒА ДАЙЫНДЫҚ ЖӘНЕ ДАУЫС БЕРУ ҮДЕРІСІ

Аудан бойынша — 9872 адам сайлаушылар тізіміне енгізілген. Оның ішінде 88 адам алғаш рет дауыс берді. Сайлау учаскелерінде дауыс беруге қажетті жағдай жасалып, комиссия мүшелері сайлаушыларды қабылдап, заңнама талаптарының сақталуын қамтамасыз етті.

Аудандық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Найля Қожақова сайлау барысына қатысты ақпарат беріп, дауыс беру үдерісінің қалыпты жағдайда өткенін атап өтті.

– Сайлау ауданымызда белгіленген талаптарға сәйкес ұйымдастырылып, қалыпты жағдайда өтті. Тұрғындар өздерінің азаматтық белсенділігін танытып, сайлау учаскелеріне келіп, таңдау жасады. Дауыс беруге қатысу үшін учаскеге келе алмайтын азаматтардың да сайлау құқығын жүзеге асыруына жағдай қарастырылып, 210 адам денсаулығына байланысты үйден дауыс берді. Ең белсенділік танытқан — Әлімбет ауылы болды. Мұнда 8 сағатта 110 адам дауыс берді. Дауыс беру кезінде заң бұзушылықтар тіркелген жоқ, – деді комиссия төрағасы.

КЕДЕРГІСІЗ ДАУЫС БЕРУГЕ ЖАҒДАЙ ЖАСАЛДЫ

Сайлау кезінде мүмкіндігі шектеулі азаматтардың да өз таңдауын еркін жасауына ерекше мән берілді.

Жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, аудандық аумақтық сайлау комиссиясы және «Пандус-ОК» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің қатысуымен Бадамша ауылындағы аудандық мәдениет үйінде орналасқан №240 сайлау учаскесі арнайы құралдармен жабдықталды.

Мұнда көру қабілеті бұзылған азаматтарға арналған дыбыстық хабарландырулар, есік маңындағы маяктар, тактильді және аудиомнемоникалық диаграммалар, бағыт-бағдарды көрсететін сары түсті тактильді көрсеткіштер орнатылды. Арнайы бұрышта құлаққап, аудиожазба және лупа қарастырылып, дауыс беруге арналған арнайы кабина дайындалды.

Бұл жұмыстар азаматтардың денсаулық жағдайына қарамастан сайлау құқығын толық пайдалануына мүмкіндік беріп, дауыс беру рәсімінің баршаға қолжетімді болуын қамтамасыз етті.

№571 УЧАСКЕСІНДЕГІ БЕЛСЕНДІЛІК

Аудандық балалар өнер мектебінің ғимаратында орналасқан №571 сайлау учаскесінде де дауыс беру таңғы сағат 07:00-де Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Әнұранымен басталды.

Мұнда 946 сайлаушы тіркелген. Олардың арасында биыл алғаш рет дауыс берген 7 азамат бар. Сонымен қатар жасы 91-ге толған ең қарт сайлаушы да өз таңдауын жасады.

91 жастағы тыл ардагері Орын Егизбаева денсаулық жағдайына байланысты үйден дауыс беріп, маңызды саяси науқаннан тыс қалмады. Ардагердің өз таңдауын жасауы азаматтық белсенділіктің жасқа қарамайтынын көрсетті.

Алғашқылардың бірі болып өз таңдауын жасаған аудан тұрғыны, зейнеткер Сақтаған Тулебаевқа комиссия төрағасы Динара Дарқанқызы арнайы сый-сияпат табыс етті. Өз кезегінде ақ батасын берген ардагер ел игілігі жолындағы бастамаларға сәттілік тіледі.

Учаскелік сайлау комиссиясының төрайымы Динара Түлекбаеваның айтуынша, сайлау учаскесі өз жұмысын уақытында бастап, тұрғындардың дауыс беруіне қажетті жағдайдың барлығы қарастырылған.

– Учаске өз жұмысын уақытында бастады. Дауыс берушілер үшін қажетті жағдайдың барлығы қарастырылған. Комиссия мүшелері өз міндеттерін жауапкершілікпен атқарып, сайлау талаптарының сақталуын қамтамасыз етті. Тұрғындардың белсенділігі де жоғары болды, – деді ол.

Сайлау күні тұрғындарға қолайлы орта қалыптастыру мақсатында учаскеде әсем әуендер шырқалып, бауырсақ пен ақ дәм ұсынылды.

ЕҢБЕК ЕРІНІҢ АЗАМАТТЫҚ ТАҢДАУЫ

Степное ауылындағы №259 сайлау учаскесінде де тұрғындар белсенділік танытты. Алғашқы дауыс берушілердің қатарында Қазақстанның Еңбек Ері, «Степное» ЖШС басшысы Аманғос Төлеуов болды.

– Бұл – еліміздің болашағы үшін маңызды саяси науқан. Әр азамат өз таңдауын жасап, ел дамуына өз үлесін қосуы керек деп ойлаймын. Ауыл тұрғындарының да белсенділік танытып, дауыс беріп жатқаны қуантады. Алдағы уақытта халықтың әл-ауқаты артып, ел игілігі жолындағы жұмыстар жалғасын табады деген сенімдемін, – деді Аманғос Сансызбайұлы.

АЗАМАТТЫҚ ПАРЫЗЫН ОРЫНДАУ ҮШІН АРНАЙЫ КЕЛДІ

 Аудан орталығындағы №240 сайлау учаскесінде ауыл тұрғыны, зейнеткер Боран Құлманов та өз таңдауын жасады. Аудан ардагері, бұрын колхоз басшысы болып еңбек еткен. Қазіргі таңда Бадамша агротехникалық колледжіндегі Ардагерлер кеңесінің мүшесі. Зейнеткер Құрылтай депутаттарының сайлауының маңыздылығына тоқталып, жас ұрпақтың болашағы үшін әр азаматтың өз таңдауын жасауы маңызды екенін атап өтті.

– №240 сайлау учаскесіне келіп, өз таңдауымды жасадым. Құрылтай сайлауы – ел болашағы үшін маңызды саяси науқан. Өсіп келе жатқан жас ұрпағымыздың болашағы үшін өз таңдауымызды жасау – әр азаматтың азаматтық борышы деп білемін. Мен де өз дауысымды беріп, азаматтық міндетімді орындадым. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын. Жас ұрпағымыздың болашағы жарқын, еліміздің келешегі кемел болғай, – деді ол.

№571 сайлау учаскесінде алғашқылардың бірі болып дауыс бергендердің қатарында Азамат Нағашыбаев та болды. Ол азаматтық міндетін орындау үшін арнайы Орск қаласынан келген.

– Өз таңдауымды жасау үшін арнайы келдім. Сайлауға қатысу – әр азаматтың ел болашағына деген жауапкершілігінің бір көрінісі деп ойлаймын. Сондықтан өз дауысымды беруді азаматтық парызым деп білдім, – деді ол.

 САЙЛАУ КҮНІНІҢ МӘНІН АРТТЫРҒАН ІС-ШАРАЛАР

Сайлау күні аудан тұрғындарының қоғамдық белсенділігін арттыруға бағытталған спорттық және мәдени іс-шаралар да ұйымдастырылды. Түрлі спорттық жарыстар өткізіліп, тұрғындар белсенді түрде қатысты.

Сонымен қатар аудан тұрғындары үшін жәрмеңке ұйымдастырылып, жергілікті кәсіпкерлер мен шаруа қожалықтарының өнімдері ұсынылды. Жәрмеңке сөрелерінен ауыл шаруашылығы өнімдері, көкөніс пен жеміс-жидек және күнделікті тұрмысқа қажетті өзге де тауарлар қолжетімді бағамен ұсынылды.

Мұндай шаралар сайлау күнін қоғамдық белсенділікпен ұштастырып, тұрғындардың бір ортада бас қосуына мүмкіндік берді.

 БІР ТАҢДАУ – ОРТАҚ ЖАУАПКЕРШІЛІК

 Ауданымызда өткен Құрылтай депутаттарының сайлауы тұрғындардың ел өміріне деген немқұрайлы қарамайтынын, азаматтық жауапкершілік пен қоғамдық белсенділіктің маңызды екенін көрсетті.

Жастардың алғаш рет дауыс беруі, аға буын өкілдерінің сайлау учаскелеріне келуі, денсаулығына байланысты үйден дауыс берген азаматтардың өз таңдауын жасауы – саяси науқанның қоғамның әр буыны үшін маңызды болғанын аңғартты.

Гүлжазира МЫРЗАБЕКОВА