ШӘМШІ ӘНІ – ХАЛЫҚ ЖҮРЕГІНДЕ

15 тамыз – қазақ вальсінің королі, көрнекті композитор, Қазақстанның халық әртісі Шәмші Қалдаяқовтың туған күні.
Осы айтулы күнге орай ауданға қарасты Шәмші ауылында ұлы сазгердің есімін ұлықтап, шығармашылық мұрасына тағзым еткен «Ән падишасы – Шәмші» атты мерекелік кеш өтті.
Қазақтың ән әлемінде өз үнімен өшпес із қалдырған сазгердің есімі ұлттық өнермен біте қайнасқан. Оның сырлы саздары мен жүрекке жететін әуендері талай ұрпақтың рухани серігіне айналды. Әндерінен туған жердің тынысы, елге деген махаббат пен адамға деген ақ ниет сезіледі. Сондықтан ұлы композитордың туған күні – өнерсүйер қауым үшін ғана емес, күллі қазақ жұрты үшін мәні зор мерейлі күн.
Тағылымды шараға еңбек ардагерлері, зиялы қауым өкілдері мен ауыл тұрғындар қатысты. Жиналған қауым алдымен композитордың ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, сазгер рухына құрмет көрсетті.
Мерекелік жиында сөз алған аудан әкімінің орынбасары Ержан Есімбаев ұлы композитордың қазақ өнеріндегі айрықша орнына тоқталып, Шәмші есімін иеленген ауылда осындай тағылымды шараның өтуі – сазгер мұрасына деген құрметтің белгісі екенін атап өтті. Сонымен қатар ұлттық өнерді ұлықтап, ұлы тұлғалардың шығармашылығын кейінгі буынға жеткізудің маңыздылығына тоқталды.
Сондай-ақ, Шәмші ауылының жанашыр азаматы, Шәмші Қалдаяқов қорының директоры Қайырғали Арыстанғалиев те сөз алып, ауылдың ұлы композитор есімімен аталуының өзі үлкен мәртебе екенін айтып, Шәмші мұрасын ардақтау – елдік пен ұрпақ сабақтастығының көрінісі екенін жеткізді.
Шәмші Қалдаяқов – қазақ ән өнеріне қайталанбас қолтаңбасын қалдырған дара дарын. Оның шығармалары халықтың жүрегіне жол тауып, ұлттық музыка өнерінің алтын қорына енді. Сазгердің сырлы әуендерінен туған елге деген сүйіспеншілік, өмірге деген құштарлық пен адам жанына жақын нәзік сезімдер анық аңғарылады.
Сонымен қатар, шараның сәнін аудандық мәдениет үйінің өнерпаздары келтірді. Өнерпаздар әннен шашу шашып, Шәмші Қалдаяқовтың көпшілікке кеңінен танымал «Менің Қазақстаным», «Арыс жағасында», «Ақмаңдайлым», «Ана туралы жыр», «Сыр сұлуы», «Бақыт құшағында» сынды шығармаларын әуелете орындады. Әсем әуенге бөленген концерттік бағдарлама көрерменге ерекше әсер сыйлап, ауыл тұрғындарының көңілін серпілтті. Шәмші әндері шырқалған сайын сазгердің рухани мұрасы мен қайталанбас өнері тағы бір мәрте жаңғырғандай әсер қалдырды.
Шәмші есімі бүгінде ел көлемінде де ерекше құрметке ие. Биыл Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік наградалар тізіміне «Шәмші Қалдаяқов» медалін енгізу туралы шешім қабылдады. Сонымен қатар «Қазақстанның еңбек сіңірген суретшісі» құрметті атағын енгізу жөнінде бастама көтерілді. Бұл – қазақ музыка өнеріне өлшеусіз үлес қосқан ұлы сазгердің есімі мен шығармашылық мұрасына көрсетілген жоғары құрметтің тағы бір айғағы.
Айта кетейік, композиторды ұлықтауға арналған тағылымды шара ауылда жыл сайын дәстүрлі түрде ұйымдастырылып келеді. Сазгердің есімімен аталатын ауыл тұрғындары үшін бұл күннің орны бөлек. Өйткені ауыл атауының өзі ұлы тұлғаның есімін ардақтап, оның рухани мұрасын сақтауға үлкен жауапкершілік жүктейді. Шәмші шығармашылығын дәріптеу, әндерін әуелету – өткенге тағзым ғана емес, кейінгі ұрпаққа аманат.
Жұлдыз КЕНЖЕ






