ҰЛТТЫҚ ӨНЕР ҰЛЫҚТАЛДЫ

Мәуліт айы – мұсылман қауымы үшін тағылымы мол, береке мен ізгілікке үндейтін мереке.

Осыған орай өткен аптаның қасиетті жұма күнінде аудан орталығындағы «Ас-Самиғ» мешітінің  ұйымдастыруымен тағылымды шара өтті.

Жиын барысында ҚМДБ Жастар секторының Қарғалы ауданы бойынша өкілі, аудандық мешіттің бас имамы, теолог Нұрлан Қырықбаев Мәуліт мерекесінің мән-мағынасы туралы дәріс оқып, жамағатқа рухани ой салды.

Жыл сайын дәстүрлі түрде ұйымдастырылатын бұл шараның өзіндік мәні бар. Өйткені Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) «Садақ атуды және атқа мінуді үйреніңдер» деген өсиетін негізге ала отырып, ұлттық өнерді дәріптеу мақсатында жастар арасында садақ атудан байқау өткізу дәстүрге айналған.

Биылғы сайыста жастар өздерінің мергендік шеберліктерін сынап, бақтарын саралады. Нәтижесінде Айдос Қосабаев І орынға, Нұрболат Бегентаев ІІ орынға ие болса, Асхат Гусманов ІІІ орынды еншіледі. Жеңімпаздарға алғыс хаттар мен сый-сияпаттар табысталды.

Алайда мұндағы басты мән – сый-сияпатта емес. Мұндай тағылымды шаралар ұлттық құндылықтарымызды дәріптеп қана қоймай, кейінгі ұрпақтың салт-дәстүрді құрметтеп, ұлттық өнерге қызығушылығын арттыруына жол ашады.

Мәуліт мерекесі аясында ұйымдастырылған осындай мазмұнды іс-шаралар жамағатқа мерекенің мән-мағынасын тереңірек түсінуге, рухани құндылықтарды дәріптеуге және ұлттық өнерге деген құрметті арттыруға себеп бола бермек.

Бақыт ИМАШЕВ