ЖАСТАРДЫҢ ЗИЯТКЕРЛІК БӘСЕКЕСІ

Халықаралық жастар күніне орай ауданымыздағы жастардың зияткерлік әлеуетін арттыру, бос уақытын мазмұнды өткізуіне жағдай жасау және қоғамдық белсенділігін қолдау мақсатында Quiz интеллектуалды ойыны өтті.
Тағылымды шараны аудандық жастар ресурстық орталығы, орталық кітапхана мен мәдениет үйі бірлесіп өткізді. Танымдық сайысқа ауданның белсенді жастары қатысып, білім мен тапқырлықты, шапшаң ойлау мен топпен жұмыс істеу қабілеттерін сынға салды.
Ойын барысында қатысушыларға түрлі тақырыптарды қамтыған қызықты сұрақтар ұсынылып, әр команда өз білімін ортаға салды. Тартысты өткен сайыс жастардың ізденімпаздығы мен белсенділігін танытып, олардың өзара тәжірибе алмасуына және командалық ынтымақтастығын нығайтуға мүмкіндік берді.
Шара соңында аудандық жастар ресурстық орталығының бас кеңесшісі Рада Досмухамбетова жастарды Халықаралық жастар күнімен құттықтап, ізгі тілегін білдірді.
– Жастар – елдің болашағы. Сіздерге зор денсаулық, мол жетістік, биік мақсаттар және әр бастамаларыңызға сәттілік тілеймін! Әрдайым ізденісте болып, ел дамуына өз үлестеріңізді қоса беріңіздер! – деді ол.
Сондай-ақ, жастарды білімге ұмтылып, жаңа мүмкіндіктерді тиімді пайдалануға, қоғамдық өмірге белсенді араласуға және алға қойған мақсаттарына нық қадаммен жетуге шақырды.
Сайыс қорытындысында жоғары нәтиже көрсетіп, белсенділік танытқан қатысушылар бағалы сыйлықтар мен арнайы сертификаттарға ие болды.
Мерекелік кештің келесі бөлігінде жастардың шығармашылық қабілетін шыңдап, еркін әрі жағымды орта қалыптастыру мақсатында караоке ұйымдастырылды. Қатысушылар өздерінің сүйікті әндерін орындап, өнерлерін ортаға салды.
Жастардың басын қосқан бұл кеш мерекелік көңіл-күй сыйлап қана қоймай, олардың танымдық, шығармашылық және қоғамдық белсенділігін арттыруға, өзара достық қарым-қатынасын нығайтуға жол ашты.
Жұлдыз КЕНЖЕ






