
Аудан әкімі Нұрлыбек Унербаев ауылдық округтерді аралап, өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму барысымен және ауыл шаруашылығы саласындағы ахуалмен танысты. Жұмыс сапарлары аясында бірқатар нысандар қамтылып, шаруашылықтардың тыныс-тіршілігі, инфрақұрылымның жағдайы және алдағы міндеттер сараланды.
Сапар барысында аудан басшысы Кемпірсай, Ащылысай, Петропавл, Қосестек, Әлімбет, Велихов, Степной ауылдық округтері мен Шәмші Қалдаяқов ауылдарында болып, шаруашылық нысандарын, әлеуметтік мекемелерді және инфрақұрылымдық объектілерді аралады.
Ауыл шаруашылығы бағытында шаруа қожалықтарының жұмысы басты назарда болды. Аудан әкімі егін және мал шаруашылығының жай-күйін, мал азығын дайындау науқанының барысын, техникалардың дайындығын бағамдап, шаруашылық иелерімен кездесулер өткізді. Кездесулер барысында өндіріс көлемін арттыру, мемлекеттік қолдау тетіктерін тиімді пайдалану, техниканы жаңарту және өнім өткізу мәселелері кеңінен талқыланды. Шаруалардың ұсыныс-пікірлері тыңдалып, тиісті сала басшыларына нақты тапсырмалар жүктелді.
Сонымен қатар жұмыс сапарлары аясында әлеуметтік нысандардың алдағы қысқы маусымға дайындығы жан-жақты тексерілді. Білім беру, денсаулық сақтау және мәдениет мекемелеріндегі жылу жүйелерінің жағдайы, отын қорының жеткіліктілігі, электр және су желілерінің тұрақтылығы назарға алынды. Анықталған кемшіліктер бойынша жауапты тұлғаларға оларды белгіленген мерзімде жою және нысандардың үздіксіз жұмысын қамтамасыз ету міндеттелді.
Аудан басшысы жол жөндеу және құрылыс жұмыстарының барысын да назардан тыс қалдырмады. Степной ауылындағы жол жөндеу жұмыстары мен Велихов ауылдық округіндегі тұрғын үй құрылысының сапасы тексеріліп, мердігерлерге жұмыстарды сапалы әрі уақытылы аяқтау жөнінде тапсырмалар берілді.
Сондай-ақ, округтердегі «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясының орындалуы да бақылауға алынды. Елді мекендердің санитарлық жағдайы, көшелер мен қоғамдық орындардың тазалығы, абаттандыру және көгалдандыру жұмыстары қаралды. Аудан әкімі тазалық шараларын жүйелі түрде жүргізудің маңыздылығын атап өтіп, тұрғындарды ортақ іске белсенді қатысуға шақырды.
Бұдан бөлек, бірқатар ауылдық округтерде «Ауыл күндері» мерекелік іс-шаралары ұйымдастырылып, тұрғындардың бірлігі мен рухани құндылықтарын нығайтуға бағытталған мәдени-көпшілік бағдарламалар өтті. Мерекелер аясында ұлттық ойындар, концерттер мен байқаулар өткізіліп, ауыл тұрғындары белсенділік танытты.
Жалпы, жұмыс сапарларының қорытындысы бойынша аудан әкімі көтерілген мәселелердің барлығы тұрақты бақылауда болатынын атап өтіп, жауапты сала басшыларына нақты міндеттер жүктеді. Өңірдің тұрақты дамуы, тұрғындарға қолайлы жағдай жасау және ауылдардың инфрақұрылымын жақсарту бағытындағы жұмыстар жалғасатын болады.
Қарғалы-АҚПАРАТ







