КӘСІБИ ДАЯРЛЫҚ – ӘДІЛ САЙЛАУДЫҢ КЕПІЛІ

Ауданымызда учаскелік сайлау комиссиялары мүшелерінің қатысуымен семинар-оқыту өтті.
Қазақстан Республикасы Құрылтайы депутаттарының алдағы сайлауына дайындық шеңберінде ұйымдастырылған шараның негізгі мақсаты – комиссия мүшелерінің кәсіби даярлығын жетілдіріп, сайлау науқанын заң талаптарына сай әрі жоғары ұйымдастырушылық деңгейде өткізуге дайындықты нығайту.
Семинарға аудандағы барлық учаскелік сайлау комиссияларының төрағалары, олардың орынбасарлары, хатшылары және комиссия мүшелері қатысты.
Оқыту жұмысына арнайы қатысқан облыстық сайлау комиссиясының мүшесі Жанна Тоғызбаева сайлау заңнамасындағы негізгі талаптар мен енгізілген өзгерістерге тоқталып, комиссиялардың құзыреті, сайлау рәсімдерін ұйымдастыру тәртібі және жауапкершілігі жөнінде жан-жақты түсіндірме жұмыстарын жүргізді.
Бұл жолғы семинар дәстүрлі дәріс түрінде емес, тәжірибелік әрі интерактивті форматта ұйымдастырылды. Қатысушылар бірнеше командаға бөлініп, түрлі кезеңдер бойынша білімдерін сынады. Тапсырмалар сайлау күні туындауы мүмкін жағдайларды шешуге бағытталып, қатысушылар заң талаптарын іс жүзінде қолдану машықтарын жетілдірді. Әр кезеңде жауаптардың дұрыстығы мен орындалу жылдамдығы ескеріліп, командаларға ұпай беріліп отырды. Мұндай тәсіл қатысушылардың белсенділігін арттырып, теориялық білімді тәжірибемен ұштастыруға мүмкіндік берді.
Сондай-ақ, семинар барысында сайлау учаскесінде дауыс беру процесін ұйымдастыру, сайлау құжаттарымен жұмыс істеу, түрлі құқықтық жағдайларда қабылданатын шешімдер мен комиссия мүшелерінің іс-әрекеті жан-жақты қарастырылды. Қатысушылар өзара пікір алмасып, тәжірибеде кездесуі мүмкін мәселелерді талқылады.
Іс-шара қорытындысында жоғары нәтиже көрсеткен команда аумақтық сайлау комиссиясының арнайы сыйлықтарымен марапатталды. Бұл өз кезегінде комиссия мүшелерінің жауапкершілігін арттырып, кәсіби шеберлігін шыңдауға оң ықпал етті.
Жиын соңында аудандық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Найля Қожақова алдағы жауапты саяси науқан кезінде әрбір сайлаушының конституциялық құқығын қамтамасыз ету, дауыс беру рәсімдерінің ашықтығы мен заңдылығын сақтау – сайлау комиссияларының басты міндеті екенін атап өтті.
Айта кетейік, мұндай тәжірибелік семинарлар комиссия мүшелерінің кәсіби құзыреттілігін арттырумен қатар, ұйымдастырушылық қабілетін жетілдіруге де мүмкіндік береді. Нәтижесінде алдағы Қазақстан Республикасы Құрылтайы депутаттарының сайлауын заң талаптарына сәйкес, ашық, әділ және жоғары деңгейде өткізуге қажетті дайындық нығая түседі.
Гүлжазира МЫРЗАБЕКОВА





