ТАРИХПЕН ТІЛДЕСКЕН ТАҒЫЛЫМДЫ САПАР

Өткеннің өнегесін жүрекпен сезінген ұрпақ қана елдің ертеңіне жауапкершілікпен қарайды. Тарихи жадыны жаңғыртып, жас буынның бойына отансүйгіштік қасиетті сіңіру – бүгінгі тәрбие жұмысының басты бағыттарының бірі. Осы мақсатта жүзеге асып жатқан «Батырларға тағзым» жобасы аясында ауданымыздың белсенді жастары Қобда өңіріндегі киелі орындарға тағылымды экскурсия жасап қайтты.
Танымдық сапар тарихи деректермен таныстырып қана қоймай, бабалар аманатына деген құрметті күшейтіп, елдік рухты тереңірек сезінуге жол ашты.
Сапардың алғашқы аялдамасы – халқымыздың рухани мұрасының інжу-маржаны саналатын Абат-Байтақ кесенесі болды. Бірнеше ғасырдың куәсіне айналған сәулет ескерткішінің тарихы жастарға кеңінен таныстырылып, оның қазақ мәдениеті мен руханиятындағы орны туралы мазмұнды мәліметтер берілді. Қатысушылар қасиетті мекенде бабалар рухына тағзым етіп, құран бағыштады. Киелі орынның тынысы әрбір жасқа өткен тарихтың тереңдігін сезіндіріп, ұлттық құндылықтардың қадірін ұғындырды.
Экскурсия одан әрі қазақтың қаһарман қызы, Кеңес Одағының Батыры Әлия Молдағұлованың туған жері – Әлия ауылында жалғасты. Жастар батырдың ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, оның ерлігіне тағзым етті. Майдан даласында ел намысын бәрінен биік қойған қайсар қыздың ғұмыры мен жанқиярлығы жайлы тағылымды әңгімелер айтылып, Отанға адал қызмет етудің мәні кеңінен насихатталды.
Бағдарлама аясында қатысушылар Патриоттық тәрбие орталығының музейін де аралады. Мұнда Әлия Молдағұлованың өмірі мен жауынгерлік жолынан сыр шертетін құжаттар, жеке пайдаланған заттары және тарихи жәдігерлер қойылған. Әрбір экспонат ел тарихының үнсіз шежіресіндей әсер қалдырып, жастардың туған елге деген сүйіспеншілігін арттыра түсті.
Мұндай танымдық сапарлардың басты ерекшелігі – тарихты кітап бетінен ғана емес, қасиетті мекендер арқылы сезінуге мүмкіндік беруінде. Батырлар жүрген жерді көріп, олардың ерлік жолына қатысты деректермен жақын танысу жас буынның тарихи санасын қалыптастырып, елдік мұраттарға деген құрметін нығайтады. Бұл – ұлттың рухани сабақтастығын жалғайтын маңызды тәрбиелік бастама.
Жастар ресурстық орталығының басшысы Мейіржан Жұбанның айтуынша, жоба жастардың тарихи санасын қалыптастыруға және ұлттық құндылықтарды дәріптеуге бағытталған.
– Бүгінгі ұрпақ батыр бабаларымыздың ерлігін терең танып, олардың өнегесін өмірлік ұстанымына айналдыруы қажет. Осындай тағылымды сапарлар жастардың туған жерге деген сүйіспеншілігін арттырып, ел тағдырына бейжай қарамайтын азамат болып қалыптасуына ықпал етеді. Сондықтан бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жүйелі түрде жалғасады, – деді ол.
Айта кетейік, «Батырларға тағзым» жобасы – өткенге құрмет көрсетумен ғана шектелмейтін, ұлттық рухты жаңғыртатын тағылым мектебі. Осындай игі бастамалар арқылы жас ұрпақтың бойында ел тарихына деген қызығушылық артып, батырлар аманатына адалдық пен туған жерге деген шынайы сүйіспеншілігі беки түспек.
Жұлдыз КЕНЖЕ






