Жасалар жұмысқа жауаптымыз

Әңгімені жауапкершіліктен бастаған Кемпірсай ауылдық округінің әкімі Нұралы Жамековтың айтуы да орынды. Өйткені, аталмыш округке  әкім болып келгеніне жыл бола қойған жоқ. Десе де жыл басында басталған бастамаларды мүмкіндігінше орындап, өткен қоян жылын аброймен шығарып салуға еңбек етті.

         Жыл жылжып өз еншісін қалдыра кетсе,  келген ұлу жылына да жасалар жұмыстар баршылық.

Кемпірсай ауылдық округінің жер  көлемі 79,5 мың  гектарды алып жатыр. Оның ішінде мал жайылымдық, шабындық жер 6864 гектар, егіндік  жердің үлесі 19448 гектарды құрайды. Сондай-ақ, бұл ауылда 757 адам мекен етеді. Нақтырақ айтар болсақ, Жосалы ауылында 194, Кемпірсай ауылында 46 үй болса,  кезіндегі айтулы мекен Қарабұтақ ауылында бүгінгі таңда небәрі алты үй қалған.

Қалай десек те ауыл мен ауылды жалғар жолдары қысы-жазы ашық, барыс-келіске ыңғайлы ауылдардың бірі. Өткен жылы Жосалыда ауыл ішілік  4 көшесі асфалтталып,  екі көшеге  жарық шамдары орнатылды. Келер жылы Жосалы мен Кемпірсай ауылдарының  арасына асфальт төселеді. Ауылда 1 ЖШС, 18 ШҚ бар. Сонымен қатар, өз кәсіптерін дөңгелетіп отырған жеке кәсіп иелері де аз емес. Осы орайда, атауы елге етене таныс «Ауыл аманаты» жобасына ауылдан 24 адам қатысқан. Жобаға қатысушылардың екеуі жылыжай  кәсібі бойынша, қалған басым көпшілігі құс шаруашылығын қолға алған.  Оған қоса жақында тағы да екі адам мал шаруашылығымен айналысуға өтініш берген.

Тағы бір айта кететін жайт, әркез демеушілік көрсетіп келе жатқан «Кудря», «Енсеп», «Арал» шаруа қожалықтарына деген ауыл тұрғындарының ықыласы ерекше. Ауылдағы шаруа қожалықтары мен кәсіпкерлер әркез  тұрғындардың әлеуметін көтеруге белсене араласады. Және де ауылдық округте жастарға жол айтып, жөн сілтер  ардагерлер, аналар кеңесінің белсенділгі жоғары.

                                 

Өткен жылы да кемпірсайлықтар үшін жағымды жыл болды.  Жаңа ғимаратқа көшіп, ауылдық клуб маңынан заманауи балалар   ойын алаңы бой түзеді. Ауылдық округте өнерлерімен  республикаға танымал клуб үйі  жұмыс жасайды. Аталмыш клубтың бүлдіршіндерінен бастап, ақ жаулықты әжелеріне дейін аудандық, облыстық, республикалық байқаулардың жеңімпазы. Мәдениет үйіне өткен жылы облыстық байқауда бақ сынаған  «Қазақстанның мәдениет саласының үздігі» атанған Азиля Арыстанова жетекшілік етеді.       Осы орайда айта кету керек еңбегімен елге танымал «Кудря» шаруа қожалығының басшысы, жомарт жанды кәсіпкер Иван Кудрия ұзақ жылдардан бері демеушілік етіп, керек-жарақтарын алуға көмегін беріп келеді.  Ауылдық округтің орталығы саналатын Жосалы ауылы аудандағы сәулетті ауылдың бірі. Бұл өлкеде 120 бала білім алып жатқан мектеп, көпшілікті өнерімен тамсандырып жүрген ауыл клубы, ауыл тұрғындарына  алғашқы жедел жәрдем көрсететін медициналық орын бар. Барлығы да  қажетті талапқа сай. Шаруасы келісіп, қоғамда да, өнерде де өзіндік орны бар  кемпірсайлықтардың  келешегі де келісті боларына сеніміміз мол.

Бақыт ИМАШЕВ