Тарихы мол өңір
Қосестек ауылдық округі – аймағы таулы, табиғаты тамаша жерге орналасқан, қойнауы тарихи маңызға бай өңір.
Бастауын әріден алсақ, Кеңестік дәуірде Ленин ауданының орталығы болып бастаған Қосестек ауылдық округінің бүгінгі күндегі даму қарқыны да айтарлықтай. Ресей мен Қазақстанды жалғап жатқан күре жолдың бойында орналасқан ауылдық округте заман талабына сай, жол-жөнекей жолауышылар түстеніп, қонақ болар орындар да баршылық.
Қазақстанда құнды деп есептеліп, әлемдік жәрмеңкелерде уылдырығы алтынға бағаланатын бекіре балығын өсірумен айналысатын «Ардағым» жеке қожалығы да осы өңірде. Аталмыш жеке кәсіп иесі Қосестек өңірін көпшілікке осы балық кәсібімен танытып жүр. Бұл кәсіпке деген көпшіліктің қызығушылығы да зор.
Сондай-ақ, күре жолдың бойында, тарихта батырлық тұлғасымен елін қорғаған Сәрке батыр ескерткіші — Қосестектің елдігін танытатын айбатты бейнесімен көрші елдің жолаушыларының назарын өзіне аударып, өз үрім- бұтағына ақ жол тілеген кейіпті танытады.
Өткенді әріде жатқан ауылдық округтің бүгінгі күнгі қарқынымен салыстыра сөз етер болсақ, оның да өзіндік ерекшеліктері бар деуге болады. Екі елді жалғап жатқан жолдың бойындағы бұл аймақ, жүргіншілерге елдің дамуынан хабаршыдай, қарқынды еңбек етуді қолға алған ауыл деуге де болады. Оған қоса ауылды басқарып отырған округ әкімі осы өлкеде өсіп – өніп, ауылының дамуына балғын шағынан куә болған ауылдың қызы Гүлжан Досмағамбетова. Ол қызметін қарапайым мұғалім болудан бастап, одан соң мектеп директоры болған. Ұстаздықтан бастаған еңбек жолын ескерсек, аға буын өкілдері ақылшысы, жастар жағы шәкірттері десек артық айтпаған болар едік. Олай болса, ауылдастарымен ойы бір арнаға тоғысып, жұмыста көпшіліктің қалауын тауып жататыны айтпаса да түсінікті.
Қарапайым нәзік жандының ауыл басқарып, әкім болғанына да 10 жылдан асты. Ерге тән жауапкершілікті арқалап, ауылдың өркендеуі мен тұрғындардың жақсы өмір сүруі үшін атқарып жүрген жұмыстары да аз емес. Ауылдық округтің жер көлемі 68240 гектар жерді құрайды. Оның 54941 гекетар жерін ауыл шаруашылығы мақсатында пайдаланылады. Аталмыш аймақта ауыл шаруашылығымен айналысатын «Қос-Истек АГРО», жерге дәндер сеуіп, өнім алып жүрген «Агросбыт», жолаушыларды тамақтандыруға үлес қосып жүрген «Нурбулақ» ЖШС-мен қатар, жермен айналысатын 37 шаруа қожалығы, сауда-саттық тағы да басқа тұрғындарға күнделікті қажеттіліктеріне қол ұшын беріп жүрген 64 жеке кәсіп иелері еңбек етеді.
Сонымен қатар, ауылда орта мектеп, ауылдық клуб, кітапхана және де «Балауса» бөбекжай-бақшасы, дәрігерлік амбулатория заманауи талапқа сай қайта жаңартылыптұрғындарға үздіксіз қызмет етіп келеді. Ауылдық округ әкімдігі де жаңадан бой көтеріп, тұрғындардың бұйымтайын алысқа бармай-ақ, ауылдарында шешуге толық жағдай жасалған. Осы аталған мемлекеттік нысандармен қатар ауылда «Қазавтожол», «Табиғатты болжау», «Ленинское» орман шаруашылығы да қызмет етеді. Ауыл ішілік жолдар 16,4 шақырымды құраса, оның 7 шақырымы толық жөндеуден өткен.
2021-2023 жылдар аралығында 7 шақырым ауыл ішілік жолдар түнгі жарық шамдармен жабдықталған. Атап айтқанда Бірлік, Абай, Балниязов, Қонаев, Молдағұлова көшелері. Тұрғындарды ауыз сумен қамту мәселесі де 2018 жылдан бері су қондырғыларын жаңартып, нәтижесінде 98 пайыз қамтылды. Көгілдір отынды ауыл тұрғындары 2016 жылдан бері пайдаланады. Қазіргі таңда 419 үй мен 26 құрылымдар газбен толық қамтылған.
Өткен қоян жылының да өзіндік еншісі бар. Биылғы жылы ауыл тұрғындарын қуанышқа бөлеген жаңалық – округтегі дене шынықтыру және сауықтыру кешенінің пайдалануға берілгені. Оған қоса малдың өлекселерін залалсыздандыратын жаңа орын да жаңартылды. Облыс орталығына қарай барар жолға, ауылдан шыға берісіндегі бірқатар көшелерге асфальт төселді. Балалар ойын алаңы да жөндеуден өтті. Мұның барлығы ауыл тұрғындары үшін зор қуаныш.
«Ауыл аманаты» жобасы да ауылдықтарға қоян жылы шаруалардың жолын ашты десек те болады. Өйткені, бұл округтегі 26 адамның жобалары ұсынылып, мақұлданған. Оның 15-сі құс шаруашылығы болса, 4-уі бау-бақша, 1-уі шағын кәсіпкерлік, 1 өндіріс орны, 5 адам сүт, ет өнімдерін өңдеумен айналысуды қолға алған. Ауыл тұрғындары Билайн ұялы байланыс желісіне қосылған.
Қайырымды жүрегі жомарт жандар ауылға әркез қолдау көрсетіп, демеушілік танытып отырады. Ауыл азаматтары мен шаруашылық қожалықтары, жеке кәсіп иелері, яғни игі жақсылары қай кезде де мерекелік іс-шара болсын, қарттарға болсын жазылмаған өздерінің заңды міндеттеріндей қолұштарын беріп келеді. Осы орайда ауыл тұрғындары өздерінің ризашылықтарын білдіріп келеді.
Осылайша, өткен жылда атқарылған жұмыстар аз болмады. Келген жылда атқарылар жұмыстар пысықталуда. Солардың бірі М.Әуезов, М.Шампиев көшелерін толық жарықтандыру, ауыл ішілік екі көпірді жөндеу «Туған жерге тағзым» акциясы аясында балалар ойын алаңын жасақтау, «Ауыл аманаты» жобасына қатысып, жеке кәсіпті дамыту жұмыстарын жандандыру, жылыжай құрылысын салу сында т.б. көптеген жұмыстар осы жылдың еншісінде. Осы жоспарлы жұмыстарды қолға алумен қатар, жылдағы көктемгі су тасқынына тыңғылықты дайындалу жұмыстары да басты назарда. Жылдың аяқталар тұсында аудан әкімі ауылымызда болып, жүзеге асырылуға тиіс тапсырмаларды жүктеді. Міне, сол маңызды мәселелер ауыл әкімдігінде талқыланып, штабтар да құрылуда.
Бір сөзбен айтқанда, ауылдық округтегі атқарылған жұмыстар баршылық және де алдағы жылға жоспарланған істер де жетерлік. Ең бастысы аянбай еңбек ету керек.
Бақыт ИМАШЕВ,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі