ӘЛІМБЕТТЕ АУҚЫМДЫ ОҚУ-ЖАТТЫҒУ ӨТТІ

Өткен аптада ауданымызда  «Өрт-2026» республикалық оқу-жаттығуы өтті.

Табиғи өрттердің алдын алу, төтенше жағдай туындаған сәтте күштер мен құралдардың үйлесімді әрекетін жетілдіру мақсатында ауданымызға қарасты Әлімбет ауылдық округінде «Өрт-2026» республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығуы ұйымдастырылды.

 

Ауқымды шараға Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары Ғалымжан Елеуов, облыстық төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Қаһарман Оразалин мен аудан әкімі Нұрлыбек Унербаев қатысып, азаматтық қорғау қызметтері мен арнайы құрылымдардың әзірлік деңгейіне баға берді.

Екі күнге созылған оқу-жаттығу барысында облыстың барлық ауданында табиғи өрттердің алдын алу бағытында түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, тұрғындардың қауіпсіздік мәдениетін арттыруға арналған кешенді шаралар қолға алынды. Сонымен қатар жауапты мекемелер түрлі шартты тапсырмалар бойынша іс-қимылдарын пысықтап, төтенше жағдай кезінде өзара үйлесімді әрекет ету дағдыларын жетілдірді.

Жаттығудың негізгі кезеңінде орман және дала алқаптарында орын алуы мүмкін өрт ошақтарын оқшаулау мен сөндіру, зардап шеккендерді қауіпсіз аймаққа көшіру, жедел штабтың жұмысын ұйымдастыру, сондай-ақ арнайы техника мен құрал-жабдықтардың дайындығын тексеру жұмыстары жүргізілді. Оқу-жаттығуға барлығы 719 адам мен 184 бірлік техника жұмылдырылып, барлық қызметтердің төтенше жағдайларға қарсы әрекет ету мүмкіндігі сыннан өтті.

Ауқымды іс-шараның табысты өтуіне дайындық жұмыстары да ерекше мәнге ие болды. Негізгі оқу-жаттығу қарсаңында Әлімбет ауылдық округі аумағында арнайы репетициялық дайындық ұйымдастырылып, барлық құрылымдардың өзара іс-қимылы пысықталды.

Дайындық кезеңіне Әлімбет, Қосестек және Желтау өрт сөндіру бекеттері, Бадамша, Кемпірсай, Ащылысай, Степной, Велихов ауылдық округтері мен Шәмші Қалдаяқов ауылындағы ерікті өртке қарсы құрылымдар белсенді қатысты. Сонымен қатар, Ленин  орман шаруашылығы, медицина, қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету, байланыс, инженерлік инфрақұрылым, көлік, энергетика, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жол және көпір қызметтері секілді азаматтық қорғау жүйесінің құрамындағы ұйымдар жұмылдырылды.

Репетициялық шара барысында жеке құрамның кәсіби дайындығы, техникалардың жарақтандырылуы және қажетті материалдық-техникалық қорлардың жеткіліктілігі жан-жақты тексерілді. Бұл өз кезегінде негізгі оқу-жаттығудың жоғары деңгейде ұйымдастырылуына мүмкіндік берді.

«Өрт-2026» оқу-жаттығуы табиғи апаттардың алдын алудағы дайындықты күшейтіп қана қоймай, төтенше жағдай туындаған жағдайда барлық қызметтердің бірлескен әрі жедел әрекет ету қабілетін айқындады.

Мұндай шаралар азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, тілсіз жаудың зардабын азайтуға және өңірдің төтенше жағдайларға төзімділігін арттыруға бағытталған маңызды қадам болып табылады.

Қарғалы-АҚПАРАТ