БАЛА ҚУАНЫШЫ – ЕЛ ҚУАНЫШЫ

Жаздың жайма-шуақ лебі сезілген алғашқы күн ауданымызда шаттыққа толы басталды. Халықаралық балаларды қорғау күніне арналған мерекелік шаралар ауданымызды қуанышқа бөлеп, балғындардың көңілінде ерекше әсер қалдырды.
Аудан орталығындағы Орталық саябақ бұл күні нағыз балалық шақтың мекеніне айналды. Түрлі-түсті безендірілген алаңдар, әсем әуен мен шат күлкі мерекенің сәнін келтіріп, бүлдіршіндер мен олардың ата-аналарын ерекше көңіл күйге бөледі.
Салтанатты шараға аудан әкімі Нұрлыбек Унербаев, аудандық мәслихат төрағасы Сапарбек Аманжолов, «AMANAT» партиясы Қарғалы аудандық филиалының атқарушы хатшысы Надежда Заглядова, мекеме мен бөлім басшылары және аудан тұрғындары қатысты.
Мерекелік бағдарлама бүлдіршіндерге арнайы ұйымдастырылды. Саябақ аумағында балаларға арналған ойын және танымдық алаңдар жұмыс жасап, әр бала өз қызығушылығына сай белсенділік танытуға мүмкіндік алды. Спорттық сайыстар мен ұлттық ойындарда ептілік пен шапшаңдық сынға түссе, отбасылық эстафеталар ата-аналар мен балалардың арасындағы сыйластық пен бірлікті нығайтты. Ал караоке алаңында өнерге жақын жеткіншектер ән шырқап, көрермендердің ыстық ықыласына бөленді.
Мерекенің көрігін қыздырған ерекше шаралардың бірі – аудандық жастар ресурстық орталығы ұйымдастырған «Еңбектеген чемпион» сайысы болды. Алғашқы қадамдарын жасап жүрген кішкентай қатысушылардың өнері көпшіліктің көңілін сүйсіндіріп, көрермендерге көтеріңкі көңіл күй сыйлады. Балаларына жанкүйер болған ата-аналардың қуанышы да ерекше сезілді. Сайысқа қатысқан барлық бүлдіршіндер арнайы сыйлықтармен марапатталды.
Балалар мерекесін өткізуге ауданның білім беру ұйымдары, денсаулық сақтау саласы, кітапхана және музей қызметкерлері де белсенді атсалысты. Ашық аспан астында ұйымдастырылған кітапхана ұжымы танымдық алаңдарда балалар қызықты тапсырмалар орындап, ертегілер әлеміне саяхат жасады. Ал музей мамандары ұсынған жылжымалы көрме арқылы жас жеткіншектер жануарлар мен құстар дүниесі туралы мағлұмат алып, табиғатты аялаудың маңызын тереңірек түсінді.
Шара аудандық білім беру ұйымдарының концерттік бағдарламасымен жалғасты. Балабақша тәрбиеленушілері мен мектеп оқушылары сахна төрінде ән мен биден шашу шашып, өздерінің шығармашылық қабілеттерін көрсетті. Балалардың әсем өнері мен шынайы қуанышы мерекеге ерекше көрік берді.
Мереке барысында бүлдіршіндерге тәтті балмұздақтар мен түрлі сыйлықтар үлестіріліп, олардың көтеріңкі көңіл күйі еселене түсті. Балалардың жүзіндегі шаттық, алаңсыз күлкі мен қуаныш – бұл күннің ең жарқын көрінісіне айналды.
Айта кетейік, балалар мерекесінің жоғары деңгейде ұйымдастырылуына ауданымызда қайырымдылық пен мейірімнің жаршысы болып жүрген «Мың жүрек» қоғамдық қайырымдылық қоры, жергілікті кәсіпкерлер, мекемелер мен жанашыр тұрғындар зор қолдау көрсетті. Олар мерекенің мазмұнын байытып қана қоймай, бүлдіршіндерге шаттық сыйлап, балғын жүздерге қуаныш ұялатты. Балалардың сыңғырлаған күлкісі мен көтеріңкі көңіл күйі демеушілердің ізгі ниеті мен кең пейілінің жарқын көрінісіне айналды.
Сонымен қатар, аудандық Іскер әйелдер қауымдастығы мен «AMANAT» партиясының өкілдері де игі бастамадан шет қалмай, мерекелік шаралардың мән-маңызын арттыруға белсенді үлес қосты. Ауа райының қолайсыздығына қарамастан, олар 2Д, 2В, 2В2 Пацаев көшесіндегі балаларға ерекше мерекелік көңіл күй сыйлады. Аниматорлар ұйымдастырған қызықты ойындар мен көңілді бағдарламалар бүлдіршіндерді шаттыққа бөледі. Балалар асфальтқа сурет салып, өз өнерлерін паш етсе, мерекелік дастархан мен тарту етілген сыйлықтар олардың қуанышын еселей түсті. Осындай игі істер арқылы қоғамдағы бірлік пен жанашырлықтың, балаларға деген қамқорлықтың айқын үлгісі көрініс тапты.
Осылайша, Халықаралық балаларды қорғау күніне арналған мерекелік шара аудан тұрғындарына көтеріңкі көңіл күй сыйлап қана қоймай, балалық шақтың қадір-қасиетін тағы бір мәрте айшықтады. Өйткені бала күлкісі – бейбіт өмірдің белгісі, ал бақытты балалық шақ – ел ертеңінің берік кепілі.
Гүлжазира МЫРЗАБЕКОВА







