ӨНЕР ҚҰДІРЕТІ – МӘҢГІЛІК РУХТЫҢ ШЫРАҒЫ

Аудандық мәдениет үйінде «Өнер құдіреті – мәңгілік» атты салтанатты кеш өтіп, мәдениет пен өнерге қызмет етіп жүрген жандарға құрмет көрсетілді.

Руханияттың тамырын тереңдетіп, ұлттың асыл мұрасын ұрпақ санасына сіңіріп жүрген мәдениет майталмандарына арналған бұл мерекелік шара тағылымы мол, мазмұны бай басқосуға айналды.

Мәдениет – халықтың жан дүниесін байытып, тарихын тірілтетін қастерлі құндылық болса, өнер – жүрекке жылу сыйлап, адам жанын ізгілікке тәрбиелейтін ғажайып күш. «Өнерлі елдің өрісі кең» демекші, ел руханиятының еңсесін тіктеп, ұлттық құндылықтардың үзілмес алтын арқауына айналып жүрген мәдениет қызметкерлерінің еңбегі қашанда құрметке лайық. Осы асыл міндетті абыроймен атқарып жүрген сала өкілдерінің кәсіби мерекесіне арналған кешке мәдениет саласының ардагерлері, кітапхана мамандары, клуб қызметкерлері, шығармашылық ұжым жетекшілері мен өнерпаздар қатысты.

Салтанатты жиында аудан әкімі Нұрлыбек Унербаев құттықтау сөз сөйлеп, мәдениет саласының қоғамдағы орны айрықша екенін атап өтті. Ұлттың рухани келбетін қалыптастыруда мәдениет қызметкерлерінің еңбегі өлшеусіз екенін айтып, осы салада аянбай еңбек етіп жүрген азаматтарға шынайы ризашылығын білдірді.

Бұл  күні мәдениет пен руханияттың дамуына сүбелі үлес қосып жүрген бірқатар қызметкерлер лайықты марапаттарға ие болды. Қазақстан Республикасы Ұлттық кітапханасының «Кітапхана ісінің ардагері» төсбелгісі кітапхана саласында 46 жыл жемісті еңбек еткен, Мамыт кітапханасының ардагер меңгерушісі Алия Мысагалиева марапатталды.

Облыстық халық шығармашылығы орталығы директорының алғыс хаты Ащылысай ауылының мәдени өмірін жандандырып, ауыл тұрғындарының өнерге деген қызығушылығын арттыруға елеулі үлес қосып жүрген Алена Гордейге табысталды.

Сондай-ақ аудан әкімінің алғыс хатымен мәдениет саласының әр бағытында табанды еңбек етіп жүрген бір топ қызметкерлер марапатталды. Олардың қатарында аудандық орталықтандырылған кітапхана қызметкері Әділ Есеев, Жосалы ауылдық клубының меңгерушісі Азиля Арыстанова, аудандық музейдің техникалық қызметкері Айымгүл Казмагамбетова, аудандық мәдениет үйінің вахтері Күлан Есқуатова бар.

Сонымен қатар шығармашылық ортада белсенді еңбек етіп жүрген өнер иелері де марапат төрінен көрінді. Аудандық мәдениет үйі жанындағы «Ұшқын» халықтық жастар театрының жетекшісі Дастан Кульманов, «Наз» халықтық би ансамблінің жетекшісі Назым Жанғазы, аудандық мәдениет үйінің әдіскері Меруерт Қартаңбай, аудандық балалар өнер мектебінің вокал және баян бөлімінің педагогі Перизат Қуанышбекова мерекелік марапатқа ие болды.

Кештің шырайын кіргізген концерттік бағдарлама көрермендерге ерекше әсер сыйлады. «Наз» халықтық би ансамблінің мың бұралған биі, жүрекке жеткен әсем әндер мен сахналық қойылымдар мерекелік кештің мазмұнын байытып, өнерсүйер қауымның ыстық ықыласына бөленді.

Бұл басқосу – жай ғана мерекелік шара емес, руханият саласында үнсіз еңбек етіп жүрген жандардың елеулі еңбегіне көрсетілген құрметтің көрінісі болды. Өнер – ұлттың жаны, мәдениет – халықтың мәңгілік мұрасы. Сол асыл қазынаны ұрпақтан-ұрпаққа жалғап, рухани сабақтастықтың алтын көпіріне айналып жүрген мәдениет қызметкерлерінің еңбегі осы кеште тағы бір мәрте айрықша айшықталды.

Жұлдыз КЕНЖЕ