ӘСЕЛДІҢ ТАҢДАУЫ – ЖАҚСЫЛЫҚ ЖОЛЫ

2026 жылдың «Халықаралық волонтерлер жылы» деп жариялануы – адамзаттың ортақ құндылықтарына қайта үңіліп, ізгілік пен жанашырлықты алдыңғы орынға шығаратын маңызды бастама.

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ұсынған бұл идея Біріккен Ұлттар Ұйымы тарапынан қолдау тауып, еріктілік мәдениетінің жаңа деңгейге көтерілуіне жол ашты. Өйткені волонтерлік – уақытша көмек қана емес, ол – қоғамға деген жауапкершілік пен адамгершіліктің айқын көрінісі.

Қазақ халқы ежелден бірлік пен жанашырлықты жоғары бағалаған. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» деген ұстаным бүгінгі еріктілер қозғалысында өз жалғасын табуда.

Осындай игі істі өмірлік ұстанымына айналдырған жандардың бірі – Әсел Зүлпыхарқызы. Түркістан облысы Жетісай ауданында дүниеге келген ол академик Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетін үздік аяқтап, ұстаздық жолды таңдады. Қазіргі таңда Степной ауылдық округіндегі Сазды орта мектебінде директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары қызметін атқарады. Сонымен қатар мектеп қабырғасындағы «Қамқор жүрек» еріктілер клубына жетекшілік етеді.

Бұл клубтың жұмысы – еріктіліктің нақты үлгісі. Қыркүйек айынан бастап мүшелері жүйелі түрде әлеуметтік шаралар ұйымдастырып келеді. Қарттарға көмек көрсету, тазалық жұмыстарын жүргізу, тұрмысы төмен отбасыларға қолдау білдіру – олардың тұрақты ісіне айналған. Әрбір бастама қоғамға жанашырлықтың көрінісі.

                       

Ақпан айында еріктілер республикалық «Қыста құстарға көмектесейік» акциясына қатысып, табиғатқа қамқорлық жасаудың үлгісін көрсетті. Бұл еңбектері ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің сертификаттарымен бағаланды. Сонымен қатар белсенділік өңірлік деңгейде де еленіп, Ақтөбе облысының жастар саясаты мәселелері басқармасы тарапынан алғыс хатқа ие болды. Клуб мүшелері «Мейірімді аудан» жобасына да белсенді қатысып келеді.

Кейіпкердің айтуынша, еріктілік өмірге жаңа көзқарас қалыптастырады. Ол адамдарға жанашырлықпен қарауды, көмектесудің шынайы қуанышын сезінуді үйретеді. Әрбір игі іс адамның өзіне де рухани серпін береді. Сонымен қатар жаңа орта, тәжірибе мен жауапкершілік – бұл қызметтің маңызды нәтижесі.

Әрине, негізгі жұмыспен қатар қоғамдық істі қатар алып жүру оңай емес. Дегенмен дұрыс жоспарлау мен шынайы ниет кез келген істі үйлестіруге мүмкіндік береді. Керісінше, еріктілік адамды тәртіпке, уақытты тиімді пайдалануға үйретеді.

Волонтерлік – жүректен басталатын қозғалыс. Ол есеппен емес, ниетпен өлшенеді. Қоғамға қызмет ету арқылы адам өзін де, ортасын да өзгертеді. Сондықтан бейжай қалмай, жақсылық жасауға ұмтылу – әр азаматтың борышы. Себебі әрбір игі іс – үлкен өзгерістің бастауы.

Қазақтың «Кең болсаң, кем болмайсың» деген даналығы да осыны аңғартады. Жүрекпен жасалған әрбір жақсылық – қоғамның шынайы қуаты.

 Гүлжазира МЫРЗАБЕКОВА