ҚАНАТ ҚАҚҚАН ТҮЛЕКТЕРГЕ – АҚ ЖОЛ!

Елімізде тағы бір оқу жылы өз мәресіне жетті. Осыған орай Бадамша мектеп-бөбекжай-бақшасында мектеп бітіруші түлектерге арналған жүрек тебірентер салтанатты кеш ұйымдастырылып, 11-сынып оқушылары үшін «Қош бол, мектебім!» атты мерекелік шара мен «Заң мен тәртіп – Конституция құндылықтарының негізі» тақырыбындағы тағылымды кездесу өтті.

Жылы жүздесулер мен толқынысқа толы кеште мектеппен қоштасқалы тұрған түлектерге ұстаздар мен ата-аналар ақжарма тілектерін арнап, өмір жолындағы жаңа белестерге сәттілік тіледі.

Әсем әндер мен әсерлі музыкалық нөмірлер кештің сәнін кіргізіп, мерекелік көңіл күйді еселей түсті. Бұл күн – мектеппен қоштасу ғана емес, үлкен өмірге қадам басқан жас түлектердің үміт пен сенімге толы жаңа сапарының бастауы болды.

Салтанатты шараға аудан әкімі Нұрлыбек Унербаев, білім саласының ардагері Найля Қожақова, аудандық білім бөлімінің басшысы Жанат Дүйсенова қатысып, жас түлектерге ізгі тілектерін білдірді.

Қонақтар өз сөздерінде білімнің адам өміріндегі маңызына тоқталып, ел ертеңі болар жастарды адалдық пен жауапкершілікті серік етіп, таңдаған жолдарынан жаңылмауға шақырды.

Биыл білім ордасында барлығы 558 оқушы оқу жылын аяқтаса, оның ішінде 24 оқушы мектеп түлегі атанып, үлкен өмірге жолдама алды. Сондай-ақ 9-сыныпты 37 оқушы тәмамдап отыр.

Биылғы оқу жылы білім мен еңбектің нәтижесін айшықтаған жетістіктерімен де есте қалды. Атап айтқанда, Александра Сидорова мен Айша Дүйсенова мектептің ең жоғары марапаты – «Алтын белгіге» үміткер болса, Зульфия Әбдіғалиева үздік аттестат иегері атанбақ.

Бұл – шәкірттердің ғана емес, ұстаздардың табанды еңбегі мен ата-аналардың сенімінің жемісі.

Кештің ең әсерлі сәттерінің бірі – түлектердің дәстүрлі мектеп вальсі болды. Олардың әсем қимылынан балалық шақпен қоштасудың қимастығы мен болашаққа деген зор үміт айқын сезілді. Бұл әсерлі сәт кешке жиналған көпшіліктің көңілін толқытып, ұзақ уақыт ұмытылмас естелікке айналды.

Айта кетейік, 2025–2026 оқу жылында аудандық білім бөліміне қарасты 12 жалпы орта білім беретін мектепті 11-сыныптың 135 түлегі аяқтап отыр. Олардың ішінде 7 оқушы «Алтын белгі» төсбелгісіне, 15 оқушы үздік аттестатқа үміткер.

Сондай-ақ 9-сыныпта 191 оқушы білім алуда, оның ішінде 13 оқушы үздік аттестатқа үміткер.

Жұлдыз КЕНЖЕ

ТегтерБілім