ӨНЕР МЕН ӨМІР ТОҒЫСҚАН ОРДА

Өнер – ұлт руханиятының темірқазығы, ал мәдениет – қоғамның жан дүниесін байытатын асыл қазына. Ауыл-аймақтың рухани тынысын тереңдетіп, халықтың көңіліне қуаныш сыйлап, өнердің шамшырағын жағып отырған маңызды орталықтардың бірі – аудандық мәдениет үйі.

Бұл шаңырақта мәдени-көпшілік шаралар ұйымдастырылып қана қоймай, талай талант түлеп ұшып, аудан абыройын асқақтатып келеді. Мәдениет және өнер қызметкерлерінің кәсіби мерекесі қарсаңында аудандық мәдениет үйінің директоры Ару Бисенбаевамен сұхбаттасып, мәдениет ошағының бүгінгі тыныс-тіршілігі мен алдағы жоспарлары жайында әңгімелескен едік.

– Ару Мұратқызы, алдымен кәсіби мерекеңізбен құттықтаймыз! Жаңа қызметіңізге де сәттілік тілейміз. Жаңа ортаға бейімделу қалай жүріп жатыр?

– Ақжарма тілектеріңізге рақмет! Бұл қызметке келгеніме көп уақыт болмаса да, ұжыммен тез тіл табысып, ортақ мақсат жолында нәтижелі еңбек етіп жатырмыз. Мәдениет саласы – үлкен жауапкершілікті талап ететін, сонымен қатар ерекше шабыт сыйлайтын сала. Жетістігі мол, іскер әрі белсенді жастармен бірге жұмыс істеу мен үшін үлкен қуаныш.

– Аудандық мәдениет үйінің бүгінгі жұмысы мен жетістіктеріне тоқталсаңыз?

– Қазіргі таңда аудандық мәдениет үйіне қарасты 8 ауылдық клуб бар, онда 75 маман түрлі бағытта еңбек етуде. Басты мақсатымыз – аудан тұрғындарының рухани сұранысын қанағаттандырып, өнер арқылы көтеріңкі көңіл күй сыйлау. Шәмші, Петропавл, Жосалы, Қосестек ауылдық клубтарының жұмысы ерекше серпінді. Өнерпаздарымыз аудан намысын облыстық, республикалық деңгейде абыроймен қорғап жүр. Мәселен, талантты әнші Есет Әлімжан бірнеше байқауда жоғары нәтижелер көрсетіп, аудан мәртебесін көтерді. Ырғызда өткен «Аймақты әнмен тербетіп», Әлия ауылындағы «Әлия – өшпес ерлік», Хромтаудағы «Еркелей аққан Ор өзен» байқауларында өнерімен танылса, Мұғалжар ауданындағы облыстық «Айрық айшықтары» байқауынан бас жүлдемен оралды. Бұл – ұжым еңбегінің жемісі.

– Мәдениет үйінің шығармашылық байланысы мен алдағы жоспарлары қандай?

– Өнер байланыс арқылы дамиды. Біз облысқа, республикаға танымал өнер өкілдерімен тығыз қарым-қатынас орнатқанбыз. Биыл 8 наурыз мерекесіне орай өткен салтанатты кешке әнші Қанат Үмбетов арнайы келіп, көрерменге көтеріңкі көңіл күй сыйлады. Ал Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мерекесінде Ақтөбеден келген «Бастау» этно тобы өнер көрсетті.

Алдағы жоспарлар да ауқымды. Аудандық деңгейде «Қарғалы аруы» байқауын өткізуді жоспарлап отырмыз. Көпшілікке танымал Ұшқын халық театры ауыл тұрғындарына «Туған күн» спектаклін ұсынбақ. Сонымен қатар дәстүрлі түрде ауыл-аймақты аралап, еңбек адамдарымен кездесіп, көшпелі ән кештерін ұйымдастыру да күн тәртібінен түскен емес.

– Мәдениет саласының басты міндетін қалай бағалайсыз?

– Мәдениет – ұлттың айнасы. Сол айнаға көрік беріп, халықтың рухани әлемін байыту – біздің басты міндетіміз. Біз ауыл тұрғындарын өнермен сусындатып, елдің қуанышын еселеп, мәдени өмірдің мазмұнды болуына үлес қоса береміз. Жетістікке жеттік деп тоқтап қалмаймыз, әрдайым ізденіс пен даму жолында боламыз.

Ауылдың рухани өмірін жандандырып, өнердің өрісін кеңейтіп жүрген мәдениет қызметкерлерінің еңбегі әрдайым құрметке лайық. Халықтың қуанышы мен рухани байлығы жолында қызмет етіп жүрген жандардың жұмысы қашанда маңызды. Мәдениет және өнер қызметкерлерінің кәсіби мерекесі қарсаңында барша сала мамандарына шығармашылық табыс, тың бастамалар мен толағай жетістіктер тілейміз. Өнердің шамы сөнбей, мәдениеттің мерейі үстем болсын!

 

Бақыт ИМАШЕВ