МУЗЕЙ КҮНІМЕН ҮНДЕСКЕН 20 ЖЫЛДЫҚ МЕРЕЙ

18 мамыр – Халықаралық музейлер күніне орай аудандық тарихи-өлкетану музейінде «Өткеннің өнегесі – болашаққа аманат» атты тағылымды музей түні ұйымдастырылып, айтулы шара музейдің 20 жылдық мерейтойымен тұспа-тұс келіп, көпшілікке рухани әсер сыйлады.
Тарих – халықтың жадын жаңғыртып, ұлттың рухани тамырын тереңдететін асыл қазына. Өткеннің өнегесін ұлықтап, оны келешекке аманаттау – музей ісінің басты мұраты. Осы кеш дәл осы құндылықтарды айшықтап, кешегі мен бүгінгінің арасын жалғаған мазмұнды мәдени басқосуға айналды.
Мерекелік кештің шымылдығы ашық аспан астында ұлттық нақышпен безендірілген сахнадағы әсерлі көрініспен ашылды. Ақ жаулықты әжелер ата-бабадан мирас болған салт-дәстүр мен ұлттық құндылықтарды дәріптеп, көпшілік назарына ерекше көрме ұсынды. Қазақы болмысты танытқан бұл көрініс жиналған жұртшылықты бірден рухани атмосфераға жетеледі.
Одан әрі салтанатты басқосу музей ішінде жалғасын тапты. Тарих қойнауынан сыр шертетін жәдігерлермен көмкерілген ортада өткен кеш концерттік бағдарламамен әрленді. «Freude» вокалды ансамблі қазақ, орыс және неміс тілдерінде ән шырқап, көрерменнің ыстық ықыласына бөленді. Әсем әуен кештің шырайын келтіріп, қатысушыларға көтеріңкі көңіл күй сыйлады.
Мерекелік жиын музей қызметкері Қымбат Тасымованың жүргізуімен бастау алып, музей директоры Айнагүл Сүйінғаринаның мазмұнды баяндамасымен жалғасты. Өз сөзінде ол музейдің 20 жылдық қалыптасу жолына тоқталып, осы уақыт ішінде аудан тарихын түгендеп, рухани мұраны сақтауға сүбелі үлес қосқан ұжым мүшелерінің еңбегін ерекше атап өтті. Атап айтқанда, сол кездегі аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы қызметін атқарған Лидия Увароваға, аудандық музейдің ғылыми қызметкері Елена Ереминаға, қор сақтаушысы Гүлшат Алимбаеваға, бас есепші Накихан Рысальдиноваға алғысын білдірді. Екі онжылдық ішінде музейдің аудан шежіресін жинақтап, тарихи құндылықтарды келешек ұрпаққа жеткізу жолындағы еңбегі айрықша екені айтылды.
Сондай-ақ «Freude» вокалды ансамблінің мүшесі Светлана Короткова аудан тарихындағы күрделі кезеңдерге тоқталып, өткен күндердің естеліктерімен бөлісті. Өлке шежіресін сақтап, кейінгі ұрпаққа жеткізу жолындағы музей ұжымының еңбегіне алғыс білдіріп, музей қорына ортағасырлық Библия кітабын тарту етті.
Кешке жиналған құрметті қонақтар Лидия Уварова, Асыланбек Улыкпанов тағы да басқа азаматтар мен азаматшалар жүрекжарды лебіздерін білдіріп, музей қызметкерлерінің тынымды еңбегіне жоғары бағаларын берді.
Мерекелік басқосуда аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Шапағат Аманжол құттықтап, тарих пен рухани мұраны ұлықтаудағы еңбектеріне ризашылығын білдіріп, ұжымға гүл шоқтары мен естелік сыйын табыстады.
Тағылымды кештің жарқын сәттерінің бірі – музей қорына табысталған құнды жәдігерлер болды. Музейдің тұрақты келушісі, зейнеткер Сәбила Қопаева өз қолымен тіккен қазақы ою-өрнекпен көмкерілген этно жастықтар мен төр көрпелерді, сондай-ақ жарты ғасырлық тарихы бар ішікті музей қорына сыйға тартты. Бұл – өткеннің қолтаңбасын бүгінге жеткізген тағылымды тарту болды.
Кешке Германиядан келген Сергей мен Анна Михель де арнайы қатысып, осы өңірде өмір сүрген ата-әжелері туралы тебіреніспен естеліктер айтты. Туған өлкенің тарихымен қайта қауышқандай әсер алғандарын жеткізіп, ұйымдастырушыларға шынайы ризашылықтарын білдірді.
Шара барысында кішкентай бүлдіршіндер де назардан тыс қалмады. Оларға танымдық ойындар ұйымдастырылып, естелік сыйлықтар табыс етілді. Ал қонақтар музей экспозицияларын аралап, тарихи мұралармен жақынырақ танысуға мүмкіндік алды.
Кеш соңында аудандық музей директоры Айнагүл Сүйінғарина сөз сөйлеп, музейдің 20 жылдық даму жолында қолдау білдіріп, оның өркендеуіне үлес қосқан тұрғындарға алғысын жеткізді. Бірқатар жанға алғыс хаттар мен естелік сыйлықтар табысталып, мерекелік кеш салтанатты түрде қорытындыланды.
Музей – өткеннің үнін бүгінге жеткізіп, келешекке бағыт сілтейтін руханияттың алтын ордасы. Осындай мазмұнды кездесулер тарихқа деген құрметті күшейтіп, жас ұрпақтың туған жерге, ұлттық мұраға деген сүйіспеншілігін тереңдете түсетіні анық.
Гүлжазира МЫРЗАБЕКОВА










