ӨНЕРДЕГІ ӨНЕГЕЛІ ӨМІР

Өнер – ұлттың рухани айнасы, халықтың жан дүниесін айшықтайтын асыл мұра. Сол қазынаны жас буынның бойына сіңіріп, әсем әуен арқылы тәрбиелеп жүрген жандардың еңбегі әрдайым құрметке лайық.
21 мамыр – мәдениет және өнер саласы қызметкерлерінің кәсіби мерекесі қарсаңында саналы ғұмырын саз әлеміне арнап, 42 жыл бойы талай жастың талабын ұштап келе жатқан тәжірибелі музыка маманы Балсұлу Есенаманова жайлы әңгіме өрбітпекпіз.
Балсұлу Серікбайқызы 1965 жылдың 20 маусымында Новоресей (қазіргі Хромтау) ауданына қарасты Жангелді ауылында дүниеге келген. 1980 жылы туған жеріндегі сегізжылдық мектепті тәмамдаған соң, бала күннен жүрегіне жақын болған өнер соқпағын таңдауға бел буады. Осы мақсатпен Ақтөбе қаласындағы мәдени-ағарту музыкалық училищесіне оқуға түсіп, 1983 жылы мәдени-ағарту жұмысы мамандығы бойынша білім алып шығады. Осылайша, өмірлік таңдауы болған саз саласындағы сапарына биыл 42 жыл толып отыр.
Кейіпкеріміздің осы бағытты таңдауы – кездейсоқ шешім емес. Бұл – отбасынан дарыған қасиет пен тәлімнің жалғасы. Әкесі Серікбай Қалағанұлы домбыра жасаудың хас шебері болған. Оның күй өнеріне деген ықыласы мен шеберлігі кейінгі буынға да жұғысты болды. Ауданға танымал өнер иесі Ерғали да сол кісіден тәлім алған. Кейін бұл қасиет Балсұлудың бойынан да көрініс тауып, ауыл арасында әншілігімен танылған.
Анасы Қойқын да ауыл тойларында ән шырқап, көпшілікке шаттық сыйлаған жан болған. Сегіз перзент тәрбиелеген ардақты ананың алтыншы баласы – Балсұлу. Бүгінде бауырлары ел ішінде абыройлы еңбек етіп жүр. Өнерге жақын ортада өскен ол ағасы Ерғалимен бірге Ақтөбе музыкалық училищесінің түлектері ретінде аудан жұртшылығына жақсы таныс.
Еңбек жолын ауданымыздағы Херсон ауылында бастаған ол сол кезеңде өзге ұлт өкілдері көп қоныстанған ортада ұлттық аспаптың қадір-қасиетін танытуға күш салды. Қазақтың қасиетті домбырасын дәріптеп, ұлттық құндылықты насихаттауға бар ынтасымен кірісті. 1992 жылы неміс ұлтының балаларына арнап домбыра үйірмесін ашып, көптеген жеткіншекке тәлім берді. Бұл бастама – оның ұлттық өнерге деген адалдығының айқын көрінісі.
Бүгінде сол тәрбиені көрген жастар есейіп, әр салада еңбек етіп жүр. Ал сол кезеңдегі тәлім мен тағылым олардың жүрегінде сақталғаны анық.
Домбыра үйірмесін ашқанына 34 жылдан асқан тәжірибелі маман қазіргі таңда аудандық өнер мектебінде жас дарындардың қанатын қатайтып келеді. Оның тәрбиесін көрген өрендер аудандық, облыстық, республикалық деңгейдегі байқауларда жүлделі орындардан көрініп, өнер кеңістігінде өз орындарын тауып жүр.
Өзі де ізденістен қол үзбеген жан Қ.Жұбанов атындағы жоғары оқу орнында білімін жетілдіріп, 2006 жылы жоғары санатты музыка пәні мұғалімі біліктілігін иеленді. 2010 жылдан бері Бадамша ауылындағы мәдениет үйі жанындағы өнер мектебінде еңбек етіп келеді.
Ерен еңбектің жемісі де аз емес. Аудандық, облыстық, республикалық додаларда жеңімпаз атанып, 40-тан астам алғыс хат пен дипломға ие болған.
Қоғам алдындағы еңбегі де лайықты бағаланды. 2021 жылы айрықша қызметі үшін Қазақстан Республикасының «Құрметті азаматы» атағына ие болды. 2024 жылы «Жастар қолдаушысы» төсбелгісімен марапатталса, 2025 жылы халықаралық «Бойтұмар» өнерлі балалар байқауында шығармашылық ізденісі мен кәсіби шеберлігі үшін «Мәртебелі педагог» төсбелгісін иеленді.
Бұл марапаттар – ұзақ жылғы табанды еңбектің айғағы.
Қуаныштысы – осы игі жолды жалғап келе жатқан ізбасары да бар. 1986 жылы дүниеге келген қызы Айгүл Ақтөбедегі А.Жұбанов атындағы университеттің түлегі. 2010 жылдан бері Бадамшада өнер саласында қызмет етіп, фортепиано бағытында жас жеткіншектерге білім беріп келеді. Отбасында Аяна, Нүркен, Алмираның аяулы анасы. Ана жолын жалғаған перзенттің болуы – үлкен бақыт.
Қорыта айтқанда, саз әлемін ғұмырының мәніне айналдырып, талай жастың жолын ашқан Балсұлу Серікбайқызы – өңір мақтанышы. Осындай жандардың өнегелі ғұмыры кейінгі толқынға әрдайым үлгі. Ал тәлімін көрген өрендері – сол адал еңбектің мәңгілік жалғасы.
Бақыт ИМАШЕВ





