НЕМЕРЕГЕ ӨНЕГЕ БОЛҒАН ӘЖЕЛЕР

Өткен аптада Аналар күніне орай Шәмші Қалдаяқов ауылдық клубында аудандық жастар ресурстық орталығының қолдауымен «Асыл әжем, сүйікті немерем» атты аудандық байқау өтті.
Елімізде Аналар күні 2023 жылдан бері ресми түрде мамыр айының екінші жексенбісінде аталып өтіп келеді. Бұл мереке – анаға деген құрметті арттырып қана қоймай, отбасылық құндылықтарды дәріптеп, ұрпақ тәрбиесіндегі ананың, әженің орны айрықша екенін ұғындыратын тағылымды күн.
Тағылымы мол шараның басты мақсаты – әже мен немере арасындағы рухани байланысты нығайтып, ұлттық құндылықтарды жас ұрпақтың бойына сіңіру.
Іс-шараны аудандық жастар ресурстық орталығының директоры Мейіржан Жұбан ашып, Аналар күніне арналған мұндай игі бастамалардың қоғам үшін маңызы зор екенін атап өтті. Ол әжелердің өнегелі тәрбиесі мен отбасындағы рөлінің ерекше екенін айтып, кейінгі буынға үлгі болатын осындай кездесулердің мәніне тоқталды.
Байқау төрт кезең бойынша өрбіді. Алғашқы «Сәлем – сөздің анасы» кезеңінде қатысушылар өздерін таныстырып, көрерменге отбасы құндылықтарын паш етті.
«Өнерліге өріс кең» бөлімінде әжелер немерелерімен бірге ән айтып, би билеп, қолөнер шеберліктерін көрсетті. «Әжелер көркі – немереге өнеге» кезеңінде ұлттық киімдер мен әшекей бұйымдардың сән-салтанаты таныстырылса, соңғы «Жалындаған қолдар» сайысында қатысушылар түйме қадау, инеге жіп өткізу, ою жапсыру секілді ептілік пен шапшаңдықты талап ететін тапсырмалар орындады.
Байқау қорытындысы бойынша Сәуле Асанова немересімен бірге үздік шығып, І орынды иеленді. ІІ орын Шынай Бозаеваға бұйырса, ІІІ орынды Жанар Нишпаева жеңіп алды. Ал «Үлгілі әже» номинациясымен Ақжайық Кенжегүлова қол жеткізді.
Әже – отбасының шежіресі, тәрбиенің темірқазығы. Осындай мазмұнды байқаулар арқылы үлкенге құрмет, кішіге ізет секілді ұлттық қасиеттер жаңғырып, ұрпақтар сабақтастығының берік көпірі нығая түседі. Ақылман әжелердің тәлімі мен немерелердің өнері тоғысқан мұндай шаралар отбасы тәрбиесінің қадірін арттырып, ұлттық рухты асқақтата беретіні сөзсіз.
Тілек БЕГАЙДАРОВ







